Өскеменде «Қар қызы» драмасының тұсаукесері өтті

637
көрілім

Жерлес жазушы Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арнап қойылған спектакльде режиссер Дина Жұмабайдың тың идеялар төккені байқалып тұрды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қала меймандарының арасында кіндік қаны ауылда тамған жандардардың көп болғаны қойылым біткен соң сезілді. Бірі қалың ойдың жетегінде ұзақ уақыт қалса, енді бірі жанарына іркілген жасты сүртуге асықпады. Себебі, ауыл жұртына мал азығының жетіспеушілігі мен ұйтқи соққан боран қашан да соққы болып тиіп жатады. Сахнадағы актерлер мұның барлығын өз деңгейінде жеткізді.


Ежелден ырымшыл қазақ мұнда да тылсым күшке деген сенімдерін байқатады. Спектакльдегі романтиканың берілуі де көңілде жылы юмор қалдырды. Жас жігіттердің совхозға шөп жеткізу мақсатымен шаруашылық сапарға шығуы, жол қиындығы реалистік тұрғыдан суреттелген. Сиқыршы шалды сомдаған Қанатбек Ниязбеков, Қоңқай болған Тұрсынбек Дүзбаев та барын салды.


- Қар қызы рөлін Айым Бегмат есімді актриса ойнады. Жастар әр дайындықта шығарма сюжетін қаз-қалпы беруге тырысты. Сюжет повесть желісімен, тек үш жігіт тірі қалмайды. Режиссер солай шешкен, - деді ШҚО драма театрының баспасөз хатшысы Еркежан Айтқазықызы.
Айта кетерлік жайт, жексенбінің кешінде мәдениет ордасына келгендер арасында оқушыларын ерте келген ұстаздар қарасы көп болды. Әдеби шығарманың әсерін сахнадан сезінгілері келген болар.
Әділхан ЕСІМХАНОВ