Өскеменде ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұйымдастыруымен коронавирус кезінде карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейд жүргізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Арнайы мониторингтік тобы алдымен «Люмян» дәмханасына барып, сондағы карантиндік талаптардың сақталуын тексерді. Мониторингтік топтың басшысы Михаил Дерябин бірден антисептиктің жоқтығын, қызметкерлердің медициналық маска тақпағандарын, келушілер арасында әлеуметтік арақашықтықтың сақталмағанын байқап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Қатерлі індет бойынша қазір Өскемендегі жағдай біршама шиеленісті. Шағын және орта бизнес иелерін тексеруге құқық беретін Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен құжаттар тізімі дайын. Соған орай, ШҚО мемлекеттік Бас санитарлық дәрігерінің арнайы мониторингтік топ құрылуы жайында бекіткен Қаулысына сәйкес, жауапты мамандар жұмысына кірісті. Карантиндік шаралардың сақталуы қатаң талап етілгенімен оны ескермейтін мекемелердің барына көз жеткіздік, – дейді Михаил Дерябин.
Әрі қарай мониторингтік топ жетекшісінің нұсқауымен мамандар дәмханаға ҚР ҚК-нің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырды. Тиісінше, аталмыш дәмхананың әрі қарайғы жағдайын сот шешпек. Заң бойынша мекеме иесіне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұдан кейін кезекті дәмханалардың бірінде тағы да келушілер арасындағы арақашықтықтың сақталмауы анықталды. Бұл ретте мониторингтік топ барлық мекеме қызметкерлері мен әкімшілерге жүргізіліп жатқан рейдтердің тырнақ астынан кір іздеу емес, қайта тұрғындар арасындағы қауіпсіздік шараларының сақталуын қадағалау максатында екендігін жеткізді.
Себебі, карантиндік талаптар шаһардағы шаштараздарда да сақталмаған еді. Солардың ішінде мониторингтік топтың келгенін, олардың түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін көре тұра, қалталарындағы маскалар мен медициналық қолғаптарды сол беті кимегендер де бар. Сөз соңында тиісті талаптарды сақтамаған шаштаразға айыппұл салу туралы шешім шығарылса, біреуінде керісінше, көз көрім жерге антисептик қойылып, қызметкерлері бірыңғай маска киіп, жұмыстарын жалғастырып жатқан еді.
– Мұндай рейдтер алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Қазіргі қарбалас уақытта әлі де жалғасын табады. Аталмыш жұмысты қалалық кәсіпкерлік бөлімімен тізе қосып атқарып отырмыз. Коронавирустың қаупі жайлы сан рет айтылды, әлі де айтылып келеді. Әйтсе де карантиндік талаптарды үнемі сақтамағандарға бірыңғай ескерту айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен гөрі, нақты шаралар қабылдаған жөн деп санаймын, – деді Михаил Дерябин.