Өскемен қаласында қараусыз қалған 2 жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға қаладағы Серікбаев көшесінде болған. Бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен екі жасар бала құлап кетті. Анасы сол кезде үйде болған.
«Әйел адамның айтуынша, ол баласының аз уакыт ішінде терезе алдына қалай шығып алғанын түсінбей де қалған. Москит торына сүйеніп тұрған бүлдіршін құлап кетті. Қазіргі уақытта бала медициналық мекемеге жатқызылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД қызметкерлері балалардың терезеден құлауын болдырмау үшін отбасыларға москит торларды орнатпауға кеңес берді. Себебі мұндай тор бүлдіршіндерді құлап кетуден мүлде қорғамайды. Керісінше, москит тор қайғылы жағдайға ықпал етеді. Өйткені бала өзін қауіпсіз сезініп, терезеге жақындап оған сүйенеді. Еш уақытта баланы қараусыз қалдырмау қажет.