Өскеменде қарттарға арналған "Ашық есік" күні өтті

526
көрілім

Бүгін Өскемен қаласындағы Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығында "Ашық есік" күні өтті. Шараның мақсаты - қарт адамдардың мәселелері мен қажеттіліктеріне жұртшылықтың назарын аудару, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

"Ашық есік" күніне «Nur Otan» партиясы ШҚО филиалының өкілдері, Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығы этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қамқорлығындағы жастар қатысты. Аталмыш шара қарт адамдардың әлеуметтік және физикалық белсенділігін ұзартуға, сонымен қоса жастардың қарияларға деген құрметін нығайтуға зор мүмкіндік тудырып отыр.
- Бүгінгі шараның жастарға берер тәрбиесі мол.  "Қарты  бар үйдің қазынасы бар" демей ме, қазақ. Біз өмірлік тәжірибемізді жастармен бөлісуге әрқашан да даямыз. Себебі жастар - еліміздің болашағы. Жастарымыз өнегелі болса елдің ертеңі де солай болмақ, - деді "Атамұра" ансамблінің жетекшісі Ерболат Сәдуақасов.

Естеріңізде болса, осы жылдың 22 ақпанында «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «Nur Otan» партиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасымен Өскемен қаласындағы Достық Үйі-Қоғамдық келісім орталығы жанында қарттарға арналған "Белсенді ұзақ өмір сүру" орталығы ашылған болатын. Орталықтың басты мақсаты - қарт адамдарды белсенді қоғамдық, зияткерлік, шығармашылық өмірге тарту.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, қариялар әуелетіп ән шырқап, би биледі.  
 
Таунар ҚАЙРАТ