Аталған кеңсе «Amanat» партиясы Шығыс Қазақстан облысы филиалы ғимаратында орналасқан. Қаржылық сауаттылықты арттырып, болашақта кәсіп ашуды көздеген кез келген адам мұндағы мамандар кеңесіне жүгіне алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кеңсенің ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен «Amanat» партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова қатысты.
– Қазір талай адамның көкейінде қаржыға қатысты көптеген сауал қордаланған. Білместікпен қателесіп жатады. Бұл жерде ең үздік мамандар ақыл-кеңес береді. Егер менің көмегім керек болса, білгеніммен бөлісуге әзірмін. Келімді-кетімді адамдардың барлық сұрағына жауап беріп, жан-жақты қолұшын беру қиынға түседі. Сол себепті, алғашында 7000-нан астам адамды қамту жоспарланған. Барлығын меңгеріп алған соң, сіздер де тамыр-таныстарыңызға көрген-білгеніңізді жеткізе аласыздар, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Курстың негізгі мақсаты – барша тұрғынның, жастардың қаржылық сауаттылығын бір жүйеге келтіру. Сайрангүл Ахметкәрімқызының айтуынша, кеңсенің дәл қарама-қарсы жағында таңертең сағат 09:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін заңгер отырады. Қаржылық сауаттылыққа қатысты кез келген сұрақ қоюға болады.
– Жобалық кеңсе түрлі сұрақтарды қарастырады. Бәлкім, өзінен бөлек, туысқандарына айтуы мүмкін. Тығырықтан шығу қиындап кетсе, банк пен мемлекеттік органдар жұмылдырылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының бірі ретінде халықтың алаңсыз тұрмыс кешуі аталып өткен болатын. Қазір интернет-алаяқтар да қаптаған. Аталған жоба аясында осы және басқа бағытты қамтитын сұрақтарға жауап іздемекпіз, – деді филиал төрағасы.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ Бизнес және құқық жоғары мектебінің деканы Әсел Апышева жаңа экономикалық үлгідегі қоғам үшін халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды екенін атап өтті.
– «Қарызсыз қоғам» жобасына сәйкес С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың экономист оқытушылары өз қызмет түрлерін ұсынып жатыр. Айталық, жұмыспен қамту орталығынан келіп, білім аламын дегендерге, қарызын өтей алмай жүрген жандарға, болашақта шағын бизнес ашқысы келгендерге осындай курсты бастап кеттік. Бүгін үшінші күн. Бір тоқсан үш айға созылады. Біріне отбасылық бюджетін қалыптастыру керек, біріне беталбаты қарызға кіріп кетпеу қажет, енді бірі сол қарызын өтей алмай бас қатырып жүреді. Заң жүзінде, оның шешімі бар екенін көбі білмейді. Сол тұрғыда бұл кеңсенің берері мол, – деді Әсел Ануарбекқызы.