Өскеменде Қасым Қайсенов ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

3065
көрілім

23 сәуір қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсеновтің туған күні. Осыған орай «Jas Otan» жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының белсенді жастары аты аңызға айналған партизан, Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің Өскемен қаласында орналасқан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті.

— Біз бүгінгі ұрпақ кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін ешқашан естен шығармауыз қажет. Қасым Қайсеновтің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Батырымыздың есімін ұлықтау мақсатында түрлі форматта шараларды қолға алатын боламыз, - дейді Өскемен қалалық мәслихат депутаты, «Jas Otan» ЖҚ ШҚОФ төрағасы Алмас Айтмұқаш.

Сондай-ақ шараны ұйымдастырушылар батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш басында арнау оқыды.

Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында дүниеге келген. 1940-1941 жылдары арнаулы әскери дайындық мектебінен өткеннен кейін, оңтүстік-батыс майданының штабына жіберіледі. 1941 жылы жау қолында қалған Украина жерін азат ету үшін алғашқы ұрысқа аттанады. Закарпатья, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асырды. Жазушы ІІ Дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерліктері үшін көптеген орден, медальдармен марапатталды.

«Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары шығармаларының авторы. 1995 жылы Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Әйгілі батыр 2006 жылы 89 жасқа қарағанда дүние салды.