Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да жалғасын тапқан жиынға бірнеше елдің ғалымдары мен профессорлары қатысты. Көтерілген тақырып – мемлекеттердегі демографиялық тұрақтылықты сақтау тетіктерін қарастыру, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуларынша, жиын Еуропаның ғылыми орталықтары, Чехиядағы Карлов университетінің география және демография кафедрасы, Париж-Сорбонна университеті, сондай-ақ Жапониядағы Саппоро университетімен тізе қосып қолға алынды. Қырғызстан, Ресейдің Барнаул, Иркутск, Хабаровск, Санкт Петербург сияқты қалаларымен де ұдайы байланыста.
– Осы конференцияның тарихы 1998 жылдан басталады. Содан бері 25 жыл ішінде 22 конференция өтті. Бұл өзекті деген демографиялық және этнодемографиялық тақырыптарды қозғауға арналған. Қазір гео-саяси ахуал сипаты басқаша. Осы аралықта болып жатқан миграциялық өзгерістер, туу, этникалық құрамның өзгеруі және басқа да сауалдар күн тәртібінен шет қалмады. Конференция біткен соң ғылыми мақалалардың жинағын шығарамыз. Мұны барлық тұрғыдан қарағанда оңтайлы шара деуге болады. Себебі посткеңестік кеңістікте демографияға арналған конференция ретінде қолға алынып отыр, – деді тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Аубакирова.
Жауапты тұлға дәл осы мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында анық айтқанын жеткізді. Сөзінше, «Демографиялық трендтерді демографиялық әлеует ретінде қарастыру керек». Анықталғандай, қазір ел аумағында халық саны түрліше құбылуда. Белгілі миграциолог Елена Садовская да мұны өз сөзінде атап өтті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір Қазақстаннан Ресейге кетіп жатқандар легі біршама азайған. Ал ел көлемінде солтүстік пен шығыс өңірінде қартаю белең алса, батыс пен оңтүстікте керісінше, туу көрсеткіші жоғары. Жанат Сәкенқызының айтуынша, жастардың уақтылы жұмыспен қамтылуы аса маңызды. Қолы бос адамның қоғам тигізер аз. Осының барлығы реттелуі үшін жастарға арналған тиімді концепция ойлап табуды орынды санады.
Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетіндегі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиха Онурованың сөзінше, қазір әлем көлімдегі интеграция деңгейі артқан. Тек саяси жағынан емес, экономикалық тұрғыда да ілгерілеушілік байқалады.
– Түркі тілдес елдер бірігіп, ТҮРІКСОЙ ұйымы құрылғалы көп нәрсе айқындала бастады. Ондағы халық саны да уақыт өткен сайын әр қилы өзгеруде. Қарасы көбейіп келеді. Олар Азиядан асып, Еуропаның әр түкпірінде тұрады. Осындай жиындар барысында демографиялық ахуал нақты зерттеледі, – деді Жамиха Онурова.