Өскеменде «Қазақстанның тарихи ғұмырнамасы» атты кітап көрмесі ашылды

388
көрілім

Өскемендегі А. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Қазақ хандығының 555 жылдығына арналған «Қазақстанның тарихи ғұмырнамасы» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге Өскемен гарнизонының әскери полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көрмеге Қазақстан тарихынан сыр шертетін том-том тарихи еңбектер қойылды. Шараның мақсаты – жастарға төл тарихымыз жазылған құнды деректермен таныстыру.

– Көрменің жастарға берер мағлұматы мол. Себебі бұған дейін біз білмеген тарихи еңбектер, баяндама топтамасы осы кітапхана қорында сақталғанына қуаныштымыз. Өскелең жас ұрпақ үшін елдің тарихын танып білуде көрменің тағлымдық тәрбиесі зор. Сонымен қоса түрлі тақырыптағы баяндамалар біздің кітапқа деген қызығушылығымызды оята түседі, – дейді Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Еркебұлан Балтабеков.

Шара барысында өңіріміздегі университеттеден келген профессорлар тарихи кітаптар жайлы баяндама жасап, өз ойларымен бөлісті. Көрме соңында әскери полиция қызметкерлердің біліктілігін анықтау мақсатында арнайы тестілеуден өткізіп, латын қарпінде диктант жаздырды.

Ғани Нұрғаламбаев

Өскемен гарнизоны әскери полиция бөлімі

тәрбие және идеология жұмыс жөніндегі

штаттан тыс офицері әділет лейтенанты