Сенбінің кешінде облыстық драма театрында көрермен қауым қазақ тарихынан сыр шертер қойылымды тамашалауға жиналды, дем хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақ және Жастар театрының актерлері бірлесе туындының ойдағыдай шығуына атсалысқан. Былтыр еліміздің халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов спектакль режиссері ретінде сценарийді біршама шиеленісті етіп, көпшілікке айрықша әсер сыйлауға тырысқан болатын. Тарихи драманың тұсаукесері жалпы айтқанда, ойдағыдай шықты деген еді жиналған жұрт. Ал биыл ше? 23-ші театр маусымының ашылуына орай өнерпаздар былтырғы биіктен түспеуге тырысып, жылы юмор тұрғысынан да шашау шығармауға ұмтылған.
Қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібек иық тірестіре Әбілқайыр хандығының әккі саясатына қарсы шығып, қалың елді азаттықа жетелеудің қамымен жүрді. XV ғасырда Алтын Орда ыдырап, орнына төрт алқап құрылған. Сахнадағы декорация осының барлығынан хабардар етіп тұрды. Сыр бойындағы қалалар үшін Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани мен Қасым хан арасындағы жаугершілік сәт те қаз-қалпы берілген. Одан бөлек, екеуінің арасындағы диалог та көрерменді ара-тұра күлкіге қарқ қылып, соңынан тұңғиық ойға жетелеумен.
Жалпы, Қасым мен Шайбани өмірде бөле болған. Алайда осы бауырластықтың соңы сан рет қан майданға ұласып, соңы бітіспес жауға айналды. Бастысы, спектакльдің өн бойынан қазақ жұртының өр рухы мен шешуші сәтте намысын қайрап, қандай жау тұрса да бет қаратпай ұтуға бар екендіктерін байқау қиынға соқпады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ