Өскеменде «Қазақтар» тарихи драмасының тұсаукесері өтті

453
көрілім

Бас-аяғы екі сағаттан астам уақыт болған қойылымда қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар үшін күресте бітіспес жауына айналған Мұхаммед Шайбанимен күрес, Қасым хан тап келген түрлі келеңсіздіктер көрініс берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Еліміздің халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов спектакль режиссері ретінде сценарийді біршама шиеленісті етіп, идея жағынан көпшілік көңіліне жылы юмор ұсыну жағын да ойластырған. Облыс әкімдігінің өкілдері тарихи драманы бастан аяқ тапжылмай отырып тамашалап шықты. Қойылым екі бөлімнен тұрды. Қазақ драма театры мен Жастар театрының актерлері тізе қосып, тарихи кейіпкерлерді қаз-қалпы сахналады. Меймандарды түрлі ойдың жетегіне ергізіп, сюжет жағынан әралуан әсер берген екінші бөлім десек артық болмас. Себебі дәл осы тұста түрлі нәубет көрген жұрттың еңсесін көтеруге талпынған Қасым ханның қастандыққа ұшырауы, Керей ханның баласы Бұрындықтың тақта отырса да жау жағадан алғанда кежегесі кейін кеткенін анық байқауға болады. Қойылым барысында сыбырласқан қонақтар арасында «Диалогтар тым созылып кетті, Қазақстан деген атау тіпті бертін пайда болып еді ғой, қағанат деген сөз қайдан шыққан?» деген сауалдардың құлаққа шалынғаны да бар. Бұл жерде режиссер фантазиясы көрініс беріп, қойылымға тұздық қосудың әдісін қолданған болар деп топшыладық. Бәрінен де ғайыптан пайда болып, Қасым ханды Шайбанимен шайқасқа қайрап, ел басына күн туғанда хандық тізгінін өз қолына алуға ой салған дуана сарбаздың образы айрықша әсер қалдырды.

Тарихта Сыр бойындағы қалалар үшін Әбілқайыр ұрпағына тойтарыс берген Қасым хан екені сөзсіз. Дегенмен оның түбегейлі еңсе тіктеп, ел тізгінін қола алғанға дейін бірнеше рет жендет қолынан астыртын өлімге бұйырылуы қашан да хан ордасын қырағы болуға шақырды. Сондай келеңсіз сәттің бірінде өмірлік серігі Нагир ханумның ажал құшуы болды.

– Премьераны әзірлеу үшін бір айдай уақыт кетті. Бұл шығарма көпшілік үшін қажет қойылым. Тарихқа үңілу біз үшін парыз. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа жетуді сахналау жауапты жұмыс, – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Қасым мен Шайбани өмірде бөле болған. Дегенмен осы бауырластықтың соңы сан рет қан майданға ұласып, соңы бітіспес жауға айналды. Бастысы, спектакльдің өн бойынан қазақ жұртының өр рухы мен шешуші сәтте намысын қайрап, қандай жау тұрса да бет қаратпай ұтуға бар екендіктерін байқау қиынға соқпады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ШҚО Драма театры кезекті рет тың туындымен толықты.