Өскеменде кёкушин будокай каратэден ел чемпионаты басталды

437
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Айтулы бәсекенің ашылу салтанаты бүгін Өскемендегі Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Жекпе-жек сарайында өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Чемпионат сәуір айының 6-на дейін жалғасады. Оған еліміздің 16 облысынан келген жас спортшылар қатысуда. Бүгін ашылу салтанатына арнайы қонақтар, спортшылар, олардың бапкерлері мен ата-аналары қатысты. Биікте көк ту желбіреп, әнұран шырқалды. ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаев қатысушыларды турнирдің басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі. 

Сондай ақ салтанатты жиын барысында Қазақстан Каратэ Федерациясы атынан үздік спортшыларға «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер», «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атақтары берілді. 
- Өскемен қаласы Қазақстан бойынша кёкушин будокай каратэнің отаны болып саналады. Осы ретте чемпионаттың Шығыс Қазақстан топырағында өтуі заңдылық. Барлығы жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ден астам ұл-қыздар келді. Бүгінгі жарыс мамыр айында Алматыда өтетін Азия чемпионатының іріктеу кезеңі болып саналады. Жоғары нәтиже көрсеткендер Ұлттық құрама сапына өтеді. Айта кету керек, Азия чемпионатына бүгінгі күні 16 мемлекеттен өтінім түсті. Сондықтан жарыстың тартысты болатынына сенімдімін. Қатысушыларға сәттілік, ал ата-аналарға шыдамдылық тілеймін, - дейді «Kazakhstan Fullcontact Karate Organization РҚБ» Вице-президенті Нұрсұлтан Алиақбаров. 
Жекпе-жектер 3 татамиде өрбиді. Шығыс шаһарына жиналған каратэшілер бозкілемде бақ сынасуға сақадай әзір келген. Жетісу облысы, Сарқан ауданынан келген құраманың бапкері Мадина Сақбаева ел чемпионаты алдында шәкірттерінің жан-жақты дайындық жүргізгенін айтты. 

                                                                                                                                 
- Чемпионатқа 11-15 жас аралығындағы 5 спортшымыз келді. Балалар каратэнің бұл түрімен 2 жыл бойы айналысып келеді. Бұған дейін де облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындар алып жүрді. Бүгінгі жарысқа 5 ай үздіксіз дайындалды. Шәкірттеріме сенемін. Елге жақсы нәтижемен оралуға ниеттіміз, - дейді бапкер.
Айта кету керек, чемпионатқа қала тұрғындары да көрермен ретінде келіп, спортшыларға қолдау көрсете алады.

Қымбат МУХАМАДИЕВА