Өскеменде Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа ескерткіш орнатылуы мүмкін

705
көрілім

Облыс орталығында тұрғындармен кездесу өткізген облыс әкімі Даниал Ахметов жауапты басшыларға бір айдың ішінде батырға ескерткіш орнату жөнінде нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Нұр Отан» париясының ШҚОФ ғимаратында өткен кездесуде ұсынысты Ұлан ауданының тумасы, жасы сексенге таяған Марат Қайсенов білдірді. Қария бірнеше жылдар бойы батырға ескерткіш орнатқызу бағытында бел жазбай, бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын айтып, әкімнен көмек сұрады. Қарияның өтінішіне жауап берген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бұл үшін республикалық деңгейде байқау жариялануы керектігін түсіндірген. Ал қалалық әкімдік ескерткіш орнату бағытында бюджетте қаржы қарастырылмағанын алға тартқан көрінеді.

Төлеген Тоқтаров – Шығыс Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағы батыры атағын алған тұңғыш қазақ екен. Небәрі 22 жасында майданда қаза тапқан оның артында ұрпақтары қалмаған. Батырдың өмірін жіпке тізгендей баяндай отырып, Марат Қайсенов тұлғаны тұғырына қондырарлық бастамасын білдірді. Қарияның өтінішін тыңдаған Даниал Ахметов бұл шаруа аяқсыз қалмайтынына сендірді.

– Былай болсын: комиссия құрылады. Бюст немесе үлкен ескерткіш қоямыз ба – қай жерге орнату керектігін анықтап алайық. Мұндай батырлар аз ғой, ойланайық. Бір айдың ішінде бір шешімге келейік. Лайықты болса Қазақстан көшесі мен Төлеген Тоқтаров көшесінің қиылысына қоямыз. …Сол жерде бюст болсын. Содан кейін ары ойланамыз, – деді облыс әкімі.

Аян Өрібаев