Өскеменде кәсіби музыкант жас ерекшеліктеріне бөлмей домбыра тартуды үйретуде

451
көрілім
Фотосурет egemen.kz сайтынан

Алматыдағы Чайковский атындағы музыка мектебінің түлегі кез келген жастағы адамдарға домбыра тартуды үйретуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Білікті маман Арлан Сүлейменов өзі ғана емес, сенімді серіктерімен тізе қосып, музыка мектептеріндегі домбыра үйрету барысымен танысады. Көңілге түйгендері: мемлекеттік пен жеке меншік мектептерде домбыраға балаларды ғана баулиды. Кейін жас ерекшелігіне қатысты шектеуді болдырмас үшін музыка бағытында өздері де ұстаздық етіп көрмек болады. Қазіргі уақытта домбыра үйренемін деген әр адам дәрістерге қатысып, өздерін басқа қырынан ашуға талпынып келеді. Баладан кәріге дейін барып, ұлттық аспапта ойнауды үйренуде.

 – Барлығы 12 дәріс бар. Соған қалмай келіп, ниет танытқан тұрғындар тартуға жеңіл деген күйлерде ойнай бастайды. Кәсіби күйші даярлаймыз деп айта алмаймын, десе де әуесқой деңгейде күй тартып үйренуге болады, – дейді ол.

Арланның шәкірті атанып жүргендердің қай-қайсысынан сұрасақ да ұстаздарының біліктілігіне лайықты бағасын беріп, рет-ретімен қабылдауға жеңіл етіп түсіндіретініне дән риза. Бұдан бөлек, олардың музыкаға қатысты стартап жобалары да бар. Алдағы уақытта осы жобаларын одан әрі жандандырып, жұртқа басқа да аспаптарда ойнауды үйрету. Ол үшін тиісті ұстаздарды да іздестіруде.