«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мұрындық болуымен Өскеменде «КІТАП-AMANAT» атты кітап орталығы ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл қаладағы осындай тұңғыш орталық. Кітап ордасын ашудағы басты мақсат – отандық әдебиетті қолдап, өскемендіктердің оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап шығарушыларға қолдау көрсету, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.
Салтанатты шараны қолдап келген қонақтарды арнайы ансамбль ән-күймен қарсы алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен «Ұлттық құрылтайда» кітап мәдениетінің дамуына, кітаптың қолжетімді болуына көңіл бөліп, 24 сағат жұмыс істеп тұратын кітапхана ашу қажеттігін айтқан. Бұл туралы партия филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова сөз етті.
- «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының тапсырмасын қолға алып, «КІТАП-AMANAT» жобасын іске асырды. Бүгін барлығына қолжетімді кітапхана біздің өңірде ашылып отыр. Алдағы уақытта кітапхана төріне зиялы қауымды шақыртып кездесулер ұйымдастыратын боламыз, - деді ол.
Аталған іс-шараға ақын, «Құрмет» орденінің иегері, «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы Алмас Ахметбекұлы қатысты. Осы жобаға қолдау танытқан ол кітапхананың гүлденуіне сенім білдірді. Сонымен қоса жиынға өңірдегі қоғам қайраткерлері, жазушылар, зиялы қауым мен белсенді студенттер де қатысты.
- Кітап адамның рухани азығы. Кітапты оқитын қауымның азайғаны рас. «КІТАП-AMANAT» жобасының басты мақсаты - халықты рухани тұрғыда жетілдіріп, жан азығымен байыту. Финляндиялықтар «Ең мықты халық – кітабы көп халық, ең қауіпсіз мемлекет - кітабы көп мемлекет» дейді. Бұл жоба «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» сияқты маңызы бар рухани жоба. Адамдарды кітапқа баулу қиын, алайда, ата-аналар балаларына үлгі болып кітап оқуға ден қойса, олар да қызығушылық танытары сөзсіз, - дейді Алмас Ахметбекұлы.
Кітап орталығының сөрелерінде отандық әдебиеттің мұралары, Алаш зиялыларының жинақтары, Шығыс классиктерінің үздік туынылары және қазақ тіліндегі тағы басқа да кітаптар тұр.
Кітапхананың ашылуы ансамбльдің күйлерімен басталса, Алмас Ахметбекұлы «Көк тудың желбірегенімен» салтанатты іс-шараны тәмамдады.
Валентина СЕЙІТҚАНОВА