Өскеменде "Көлеңке" қойылымы сахналанды

975
көрілім

Облыстық Қазақ драма театрының өнерпаздары қалың көрерменді кезекті туындымен қуантты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Театр өнерпаздарының тосынсыйы бір жарым сағатқа жалғасты. Анда-санда эксперимент жасап тұру да ұтымды әдіс. Ендеше бұл спектакль дәл осы бағытта, мәдениет ошағы көрермендеріне сахна туындысын жаңа қырынан көрсетуге бағытталды. Иә, бұл тұсаукесер емес, мұның алдында сахналанып қойған. Әйтсе де қайта қойылуының себебі сол, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ШҚО бойынша филиалы басшылығы қала тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілер, басқа да салада тер төгіп жүрген жандарды шақырып, қоғамда белең алып кеткен кеселге тап болмауларына үндеді. Меймандар жиналғанға дейін қосылған шыт-шытырық һәм классикалық музыка бейсенбінің қарбаласын алдын ала тежеп, салған жерден көңіл иіріміне ойыстырды. 
Алдымен облыстағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев сөз алып, аймақ бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, жемқорлық жеңнен жалғаспас үшін әр тұрғын тек әділдік арқылы шешім қабылдауға дағдыланса, қоғамда тәртіп орнайды.
- Қылмыстық із кесу кезінде біршама былықтар ашылды. Ескертусіз атқарылған жүйелі жұмыстар түрлі саладағы бармақ бастылықты бөгейді. Мұндайда сыбайластық туралы хабарлаған адамдарға сыйақы тағайындау әдісінің оңтайлы болғанын айта кетуге болады. Саяси қызметкер егер қарамағындағы адам пара берумен ұсталса, оставкаға кетуге міндетті. Бұл ретте жемқорлыққа қарсы сараптама институтының тұрақты қызметін айта кеткен орынды, - деді Талғат Мамырбекұлы. 
Бұдан соң осы салада жемісті жұмыс атқарған бірқатар маман Департамент тарапынан Алғыс хаттарға ие болды.

Іле спектакль тиегі ағытылды. Негізгі идея - дүние-керуенде қым-қуытты сезініп үлгермеген жастар мінезінің сәт сайын құбылып, өзгеріп сала беруі. Әсіресе, "Бізде шаруаларың болмасын! Біздің жолымыз бөлек, мақсатымыз басқа" деп ересектер тарапына қарата айтылған зілді сөз қазіргі қоғам ағымын айна-қатесіз айшықтап тұр. Бұл ретте қойылым режиссері Дос Құбаш өмір ағысында күнделікті кездесетін өткір мәселелерді бір мезетте қамтыды. Жастар арасында құлашын кеңге жайып бара жатқан дін мәселесі, үлкендерге деген құрметтің жоғалуы, құқық қорғау саласындағы сыбайластық, қала берді қателікті кешірмейтін қатігез өмір. Актерлік құрам жазушы Рақымжан Отарбаевтың "Айнағұмыр" шығармасы желісін қаз-қалпы ұсынды. Нашақорлық, келіннің ата-енені сыйламауы, сондай-ақ тендердегі ашкөздіктің бір отбасының шаңырағы шайқалуына әкелгені тағы бар. Келушілер қойылым соңынан бүгінгі өмірдегі біршама түйткілді Драма театр сахнасынан айна-қатесіз көргендерін айтты. Әр сөйлемдерінде өз алдына мәселе көтерген 16 актер соңғы минуттарға дейін көрерменді тапжылмай тамашалауға көндіре білді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ