Облыс орталығында жолы болмаған екі сотталушы жауапқа тартылды. Бірде айдап кеткен көліктері жүрмей қалса, екінші жағдайда көлік иесі келіп қалып, жолы болмаған екеуі көп ұзамай құқыққорғаушылардың қолына түскен. Аталған қылмыстық іске қатысты сот процесі Өскемен қаласының №2 сотында соңына жетті.
Жасы жиырмадан асқан екеуі ащы суға «қызып ап», көлік ұрлауды ойластырады. Жоспар бойынша қаладағы аулалардың біріне кірген олардың ВАЗ көлігіне көздері түскен. Бірі сыртта ешкімнің келіп қалмауын бақылап тұрса, екіншісі осы сәтте көліктің есігін отверткамен ашып, оталдыру үшін сымдарды бір-біріне жалғай бастайды. Ұрлық пиғылынан түк шықпағасын екеуі ақыры көлікті итеріп оталдырмақ болғанымен, жолы болмапты. Көлікті сол күйі оталдыра алмай қойған екеуі итеріп апарған жеріне тастап кете барады.
Арада бір сағат өтер-өтпесте екеуі тағы бір көлікті айдап әкетпек болады. Бұл жолы екеудің «бағы жанып» көлік жүріп кеткенімен, көп өтпей ұрланған темір тұлпарлары жүрмей қалған. Бұған ашуланған екеуі үшінші мүмкіндікті байқастап көруге бел буғанымен, үшінші көлікке кіре бергенде иесі келіп қалып, жолы болмағандар беталды қаша жөнелген.
Сотта бастары дауға қалған бұзақылар кешірім сұрап, соттан түрмеге тоғытпауды сұрапты. Көліктері тоналған жәбірленушілердің есігі бұзылған темір тұлпарлары үшін бірі отыз, бірі жиырма мың теңге сұрап, шығынды өтеп бергізуді талап еткен. Жәбірленушінің талап-арызын қанағаттандыру туралы шешім шығарған сот екі айыпталушыға үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Мейрамбек ҚОСАЖАН