Қазан айының 14-і күні Өскемен қалалық полиция басқармасын Ертіс полиция бөлімшесінің «102» жедел арнасына ұялы телефон ұрланғандығы туралы ақпарат түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нақты айтсақ, 62 жастағы кондуктор жүгініп, белгісіз біреу «Зеленстрой» аялдамасынан «Орталық базар» аялдамасына дейінгі аралықта автобус салонындағы жұмыс үстелінен бағасы 89 000 теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткенін хабарлады.
Патрульдік полиция жасағы бейнебақылау камераларының көмегімен ізін суытпай 32 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
- Жауап алу барысында ұры кінәсін мойындап, ұрланған мүлікті қайтарды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188 - бабы 1-бөлігіне сәйкес (ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - делінген мәліметте.
Айта кетсек, полицияға ұялы телефондардың ұрлануы туралы уақытылы хабарлау әрекеті қылмыстың тез арада ашылуына септігін тигізеді.
Полиция департаменті азаматтарға ұялы телефон ұрланса, жәбірленуші дереу қылмыс жасалған жердегі ішкі істер органына немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жүгінуі керек екенін еске салады.