Бірнеше күн бұрын алматылық суретшілер облыс орталығындағы тоғыз қабатты үйдің қабырғасына салып жатқан кезекті суреттерін аяқтады. Абайдың кескіні мен даналы сөзі жазылған кескін Абай даңғылы, 1 мекен-жайындағы үйдің қабырғасында салынды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Yk-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге салсақ, мұндай алғашқы сурет осыған дейін Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты үйдің қабырғасына салынған еді.Алматыдан шақырылған суретшілер ол кезде атақты хоккейші Талғат Жайлауовты кескіндеген болатын. Олар сол кезде бірден екінші суретті салуды бастаған.
26 қыркүйек күні қала әкімдігінің «Facebook» желісіндегі парақшасында аталмыш жұмыстың аяқталғаны туралы хабарлама пайда болды. Суретшілер бұл суретті салуға екі аптаға жуық уақыттың кеткенін жазды.
— Суретте қолына кітап ұстап тұрған Абайдың бейнесі кескінделіп, астына әдемі жазумен оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деген даналы сөзі жазылды, — делінген қала билігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Сонымен қатар суретшілер тобы жақын арада кезекті суретті кескіндемек. Алайда ол да осыған дейінгі суреттер сияқты сыры алдын ала ашылмайды.