Өскеменде көпқабатты үйлердің бірінде өрт шықты

470
көрілім
Шартты фотосурет

Бүгін таңғы сағат 05:23-те Амурская көшесінде көпқабатты тұрғын үйдің 1-ші қабатындағы пәтерде өрт шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 Көршілері түтін иісін сезіп, өрт сөндірушілерді шақырған. №7 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлері дереу жеткен. 10 ересек адам мен 2 бала өз беттерімен сыртқа шықты. Мәлім болғандай, подъезге түтін жайылған, әрі пәтер есігі жабық тұрды. Құрамында газ-түтіннен қорғау қызметі бар №7 өрт сөндіру жауынгерлері пәтерге терезе арқылы кіріп, 1980 жылы туған ер адамды құтқарды. «Иіс газынан уланды» деген болжаммен тұрғын ауруханаға жеткізілді.
Өрт сөндірушілер аумағы 3 шаршы метр болатын жалынды өшірді. Үй жиһаздары, матрас және төсек орынның жанып кеткені анықталды. Құтқарушылар тілсіз жаудың пайда болу себебін мас күйінде отты абайсыз қолданудан деген болжам жасауда.