Облыс орталығы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізілген мониторингтің қорытындысы арнайы жиында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазіргі уақытта Өскеменде 59 тұрғын үй салынып жатыр. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен - 12 үйдің, комерциялық қаражат есебінен - 47 үйдің құрылысы жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысы Мемлекеттік сәулет-бақылау басқарамасы 21 нысан бойынша тексеру жүргізіп, нәтижесінде 19 құрылыс салушыға қатысты бұзушылықтарды анықтады. Қазіргі уақытта 6 тұрғын үй кешеннің құрылысына арналған қажетті құжаттамалардың толық пакеті жоқ болып шықты. Бұл туралы аталмыш басқарама басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Самат Қайырдинов баяндап берді.
- Нақты айтсақ, «Гранд Резиденция» тұрғын үй кешені. (Красина 11б мекенжайында орналасқан). Заңбұзушылықтары – құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық құжаттамада сараптаманың оң қорытындысы жоқ, авторлық-техникалық қадағалау жоқ, құрылыс жұмыстарының басталуы туралы хабарлама жолданбаған. Құрылысқа тыйым салу үшін сот шешімі шыққан. Қазір сот орындаушылары тиісті шара қолдануда. Бұзушылық анықталғандардың арасында ASTORIA тұрғын үй кешені де бар. Қабаттың ұлғаюына байланысты жобалық құжаттамада мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынбаған. Сотта талдау жүріп жатыр. Сонымен қатар мониторинг кезінде 8 ұйым ҚР ӘҚБтК-нің 320 бабы бойынша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуды жоспарлау кезінде ҚЖК акционерлік қоғамның Home portal сайтынан мәлімет алуға болады, - деді ол.
Жиын барысында «Заңбұзушылық анықталған ұйымдарға қандай жаза қолданылды? Айыппұлдың көлемі қандай?» деген сұрақ қойылды.
- Мониторинг жоспардан тыс өткізілгенін ескеру керек. Тұрғын үй салу кезінде әртүрлі заңбұзушылық анықталғандықтан оларға қолданатын шара мен айыппұл көлемі әртүрлі. Мысалы авторлық-техникалық қадағалау болмаған жағдайда 200 АЕК қарастырылған», - деп жауап берді Самат Ерболатұлы.
Валентина ГЕОРГИЕВНА