25 қаңтар күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада көрнекті жазушы Мүсілім Құмарбеков пен дарынды ақын, драматург, журналист Ғалым Байбатыровты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара Шығыстың сұлулығы мен бірегейлігін дәріптеген және өз елінің мәдени өміріне зор үлес қосқан жерлестеріміздің мұрасына құрмет көрсету және есте сақтау мақсатында ұйымдастырылды. Алдымен Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев сөз алып, қаламгерлер шығармашылығының маңызын ерекше атап өтті.
Жазушы, журналист Мүсілім Құмарбеков ұзақ жылдар бойы өңірдегі "Коммунизм туы" (қазіргі "Дидар") газетінде жұмыс істеді. Оның алғашқы туындыларының бірі “Асау Ертіс” және басқа да көптеген кітаптардың авторы.
Ғалым Байбатыровтың еңбек жолы Зайсан аудандық “Достық” газетінде басталған. Ақынның бірнеше өлеңдері, жыр жинақтары, еңбектері қауым көрерменге жақсы таныс. Атап айтсақ, “Өскеменім” әні көпшіліктің көңілінен шыққан. Ағамыздың жары Үрімжан Мұқанқызы өмірдегі Ғалым мен шығармашылықтағы Ғалым туралы қызықты әңгімелер айтып берді.
Шараға жазушының әріптестері, достары, сондай-ақ оқырмандары қатысты. ҚР «Мәдениет қайраткері» Майра Арғынбекова Ғ.Байбатыровтың сөзіне жазылған “Аңсарым” әні орындалды. Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық гимназия интернатының 10 сынып оқушылары Ғалым Байбатыровтың “Сыр”, “Күн қала мен бір бала“ атты өлеңдерін оқып, жиналғандарға шығарма сөздерінің тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қос қаламгерге арналған естелік көрмесі шара қонақтарына таныстырылды.
Мүсілім Құмарбеков пен Ғалым Байбатыров туралы отбасылық әңгімелер мен естеліктерге ерекше назар аударылды. Туыстары мен достары олардың өмірі, таланты туралы айтып, жетістіктерінің тарихын толықтыратын жеке мұрағат материалдарын әкелді.
Дильназ ЮНУСБЕКОВА (Фотосуреттерді кітапхана ұжымы ұсынды)