Ақпан айының 2-сі күні Өскемендегі «Ертіс концерт» КМҚК көрермендер залында «Краски детства» атты балалар фестивалі өтті. Шара жаз айларында алғаш рет ұйымдастырылғанда қала тұрғындары таң-тамаша болған еді.
Фестивальдің басты мақсаты – балаларға қуаныш сыйлап, уақыттарын көңілді әрі тиімді етіп өткізу. Онда түрлі жастағы балалар мен олардың ата-аналары қонақ болды. Шара басында фестиваль режиссері және ұйымдастырушысы Евгений Курлыкин сөз алып, балаларды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ фестивальге қала әкімі Жақсылық Омар келіп қатысты. Қала басшысының айтуынша, қазіргі таңда бүлдіршіндер уақыттың көп бөлігін ғаламторда өткізеді. Сондықтан мұндай игі іс-шаралардың олардың қоғамға бейімделіп, құрдастарымен емен-жарқын араласуы үшін маңызы зор. Облыстық Мәдениет басқармасы мен Өскемен қаласы әкімдігі балақайларға әлі де қуаныш сыйлауға ниетті.
Лық толы залда отырған жас көрермендер арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарлама тамашалады. Сайқымазақ кейпіндегі жүргізуші бүлдіршіндер мен жасөсіпірмдерді қуанышпен қарсы алды. Барлығы жиырма өнерпаз пен шығармашылық ұжым өнер көрсетті. Аниматорлар балалармен түрлі ойындар ойнап, ерекше қуаныш сыйлады. Белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Саксафонда танымал әндер шырқалып, көрермендердің көңілін көтерді. Скрипкашылар ансамблі де қонақтарға өз өнерлерін паш етті. Баршаға таныс мультфильм кейіпкерлерімен бірге флешмоб ұйымдастырылды. «Әуенді тап» ойынында да кеш қонақтары ерекше белсенділік танытты. Фестивальдің ұйымдастырушысы Евгений Курлыкин жеңімпаздарға сыйлықтар табыстады.
Мерекелік концерт соңында барлық қатысушылар ортаған шығып, ән орындады. Ата-аналардың сөзінше, фестиваль жоғары деңгейде өтті.
Қымбат МУХАМАДИЕВА