Өскемен қаласындағы жанармай құю бекеті жұмысшыларына қоқан-лоқы көрсеткен адамды ұстаған жедел жәрдем қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құрамында фельдшер Данияр Қалибеков, жүргізуші Айдар Раисов және санитар Виктор Худяков бар жедел медициналық жәрдем бригадасы қала іргесіндегі Согра шағын ауданына шақыртуға бара жатқан.
Олар жанармай құю бекетінің жанынан өткенде бетперде киген ер адамның кассир әйел мен күзетшіге қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын байқап қалған. Бірден көлікті тоқтатқан дәрігерлер ең әуелі полицияға қоңырау шалады.
-Жүргізуші сирена сигналын қосып, құқық бұзушының назарын басқа жаққа аударып жіберді. Сол кезде кассир мен күзетші ғимараттан сыртқа шығып үлгерді. Күдікті лезде қашып кетпек болды. Бірақ Данияр Қалибеков пен Айдар Раисов оны қуып жетіп, ұстап алып, көп ұзамай келіп жеткен полиция қызметкерлеріне тапсырған, - делінген ақпаратта.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков ерлік көрсеткен жедел жәрдем қызметкерлеріне Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады. Өз сөзінде ол ақ халаттылардың азаматтық ұстанымын жоғары бағалап, ізгі тілегін арнады.