Өскеменде Күршім ауданының мәдени күні қалай өтті?

2353
көрілім

«Freshmarket» фермерлік гастрономының алдында ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, күршімдіктер қарбызды да, балық өнімдерін де молынан әкелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында түрлі шаралар қолға алынды. Ашық аспан астындағы концерттен бастап, ғимарат іші көрерменге лық толған салтанатты кеш көпшілік жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз. Себебі, «Ертіс концерт» залында өнерсүйер қауымның басын қосып, күршімдіктер ән мен биден шашу шашты. Шыны керек, кешкі сағат 18:00-де басталады деген шараға келушілер қарасы тым көп еді.

Ақыры, аздан соң кіру жағы тіпті қиындап кетті. Себебі, залда ине шаншар орын болмады. Гала-концерттің ашылуына облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, көрерменмен бірге әсем би тамашалап, жанды дауыстағы әндерді тыңдап қайтты. Күршімдік ақын, журналист Хасен Зәкария монолог оқып, өзекті тақырыптардың бірін қаузап өтті. Шара кезінде екі адамға «Күршім ауданының құрметті азаматы» атағы табыс етілді. Анығы сол, халық осындай басқосудың жалғасы ертеңінде, сенбінің таңында жәрмеңкемен жалғасатынын іштей топшылап та отырды.

Ал келесі күні гастроном маңы көлікке лық толып, ауылдан әкелген «сәлемдеге» қол жеткізуге әрбірі асықты. Себебі, жәрмеңке аясында Күршімнің балы да, балығы да, қарбызы да саудаланды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев Ертіс асып келген жұрт өніміне баға беріп, өзі де жеңсік тағамның бірнеше түрін сатып алды. Онымен қоса, келушілер үшін ақшаңқан киіз үй тігіліп, көңілі соққандар кіріп дәм татты. Алаңнын оң қапталында ауданнан келген өнерпаздар әсем әндер легін ұсынса, бір шетінде спорттық жарыстар қызып жатты. Әсіресе, әйелдер арасындағы қол күресі көпшілікті таң қалдырды. Бұл ретте қала тұрғыны Динара Сәрсенбаеваның айдарынан жел есті.

Суретте Динара Сәрсенбаева оң жақта

– Жарыста бақ сынаймын деп ойламадым. Бұрын спортпен кәсіби түрде айналыспағам. Тек, оқушы кезімде аз уақыт бокс үйірмесіне қатысқаным бар. Осындай шаралар жиі өткізілсе деймін. Үш қарсыласымды айқын ұтып, бірінші орын алдым, – деді ол.

Айта кетейік, әр жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бұл уақытта Құйған ауылынан әкелінген қарбыздар қала тұрғындарының үлкен сұранысын туғызып жатты. Оны сатып жатқан Ержан Әбіштайұлының айтуынша, тиісті күтімсіз қарбыздың дәмді болуы екіталай.

Тұрғындар үлкен қарбызды көптеп сатып алды

– Қарбыз өсіріп жүргеніме биыл төртінші жыл. Саудада өтімді, бірақ жұмысы қиын. Тіпті, жауған жаңбырға да байланысты емес, бап керек, жер құнарлы болуы тиіс. Сәуір айында басталған тынымсыз жұмыс күзге дейін жалғасады. Содан болар, ауданымыздың қарбызы республика көлемінде ең дәмді болып саналады, – деді Құйған ауылдық округінен келген Ержан Әбіштайұлы.

Күршімдік азаматтың қарбыздың бір келісіне бекіткен бағасы – 50 теңге. Таңғы сағат 8:00-ден 10:00-ге дейіні аралықта жүк көлігінің тіркемесі біршама босап қалған. Әу баста әкелінгені – 10 тонна. Дәл жанында «Төре-Тоғам» ЖШС-ның балық өнімдері сатылып жатты. Сұраныс жоғары, бағасы да қолжетімді. Әсіресе, сүбе еті көпшіліктің дорбасына салынып жатты. Оған қарама-қарсы жерде «Қалғұты» ауылдық округіне қарасты «Ерасыл» шаруа қожалығының ірі қара, қой және жылқы еті сөреге қойылды.

– Жәрмеңке кезінде белгіленген баға 2300 теңге екен, бірақ біз халықтың жағдайына қарай 2200, 2100 теңгеден сатып жатырмыз. Қой етінің бір келісі – 2000 теңгеден. «Ерасыл» шаруа қожалығынан барлығы бір тонна ет әкелдім. Оның ішінде: 400 келі ірі қара еті, он айлық 20 тоқты және 10 серке еті. Осы жәрмеңкеге округ атынан алғаш рет келуім, – деді Ерасыл Маулханов.

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшылығы мәліметінше, жәрмеңкеге балық пен балық өнімдері молынан жеткізілді.

Кейбірі бір аялдама ары жүріп, «Жекпе-жек» сарайына асыға басты. Ол жерде күршімдіктер волейбол бәсекесінде бақ сынап жатты. Сырт көзге тартысты көрінген кездесудің бірі «Қалжыр» мен «Қалғұты» командалары арасындағы тартыс. Қалжырлықтар жүйелі шабуылға иек артса, Қалғұтыдан келген спортшылар тосқауылда сауатты ойнап, қорғаныстан шашау шығармады. Қорытындысында, «Қалғұты» волейболшылары 2:0 (25:23, 25:23) есебімен басым түсті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ