«Арбат» алаңында жиналған жұрт «Рэтро» әндер тыңдап, күршімдіктер әзірлеп алып келген қолөнер бұйымдары мен дәмнен ауыз тиді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ортаға шыққан өнерпаздар тартуынан барлығы билеп, әннің сөзін білгендері қосыла шырқады. Себебі, 80-90 жылдарда би кештері мен концерттерде шырқалған туындылар көп адамды жастық шағына қарай жетеледі.
Күршім аудандық «Шабыт» Мәдениет үйінің директоры мәдени шаралар бойынша орынбасары Сымбат Қалиақперов осындай шара болатынын естіген бойда, бірден дайындыққа кіріскендерін жеткізді. Оған бір айдай уақыт кеткен.
– Әзірге тұрғындар үшін әннен шашу шашып отырмыз. Кешкісін «Ертіс концертте» өтетін жиын бұдан да қызық болатындығына сенімдіміз. Ертеңгі жәрмеңкеде де Қабдолда Тұраров атындағы Күршім аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарымен бірлесе, меймандарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Бүгінгі келіп отырған әншілердің ішінде облыстық, республикалық конкурстарға қатысып жүргендері бар. Одан бөлек, көбі дерлік Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі атанғандар, – деді Сымбат Қалиханұлы.
«Арбатқа» таң сәріден көп адам жиналған. Сол уақытта асық атып, ләңгі теуіп жарысты. Бұған кез келген тұрғын қатысты. Алаңның қос қапталында көрме ұйымдастырылған. Күршім аудандық ауруханасының ұжымы осы шараға арнайы дайындық жүргізіп, бар тәтті-дәмдісін көпшілікке ұсынды. Бауырсағы да, бәліші де, жемісі де, құрт, ірімшік сияқты жеңсік тағамдар да қалалықтардың оң бағасын алды.
– Аурухана атынан келіп, бар мүмкіндігімізді салып жатырмыз. Күздік дастарханды ойдағыдай жайдық деген сенімдеміз. Барлығы әріптестеріміздің өз қолымен дайындалды. Ұлттық тағам да, жемістерден жасалған мүсіндер де қойылды. Барлығы қала тұрғындары мен қонақтары үшін, – деді Күршім аудандық ауруханасының психологы Анар Рахымжанова.
Аудандық перзентхана акушері Сәуле Чингизтаеваның сөзінше, дайындыққа небәрі екі күн кетті. Жұмыс күрделі болса да, Өскемен халқы үшін ауыл дәмін әкелуге барын салған.
Одан әрірек Сарыөлең ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебі ұжымы әзірлеген қолөнер бұйымдарын тамашаладық. Көбі көкөністерден жасалған. Аз уақыт ішінде орта буын оқушылары аянып қалмағандары бірден байқалады. Мектеп директоры Жанат Садуованың айтуынша, көпшілік аттың мүсініне таң қалған.
– Ат – ер қанаты. Мұны әзірлеу әу баста жоспарымызға еніп, жеміс пен көкөністі үйлесімді етіп тізіп шықтық. Мұғалімдер макетін ойластырып, әрі қарай шәкірттеріміз іске кірісті. Алыстан алып келу кезінде сәл қиындықтар болды, бұзылып қала ма деп уайымдадық. Мұндай әдемі бұйымдарды көргендер «Бүгін қандай мереке?» деп таң қалды. Тіпті, бір әже келіп «Бүгін менің туған күнім. Мұның бәрі мен үшін жасалған сыйлық сияқты» деп көңілі босап кетті, – деді Жанат Самашқызы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ