Өскеменде Күршім ауданының жәрмеңкесі өтіп жатыр

4258
көрілім
Шартты сурет

Облыс орталығындағы Freshmarket фермерлік гастрономы алдында Күршім ауданының жәрмеңкесі өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әдеттегідей, сағат 09:00-де басталады делінген шараға қала тұрғындары мен қонақтарының біршамасы ертерек келген. Бірі шағын дорбаларын көтере келсе, қолжетімді бағадағы ауылшаруашылық өнімін алуға асыққандары қанар-қаптарын қолтықтарына қысқан. Қалың нөпір ішінде өзара қауқылдасып, саудаға түскен азық-түлікті таңдап жүр.
Ет өнімдері қойылған сөреге қарама-қарсы бал мен балықтың түр-түрі қойылған. Көпшілік бағаның қолжетімді әрі сапасының да жоғары екендігін айтуда.
– Қаладағы қарттың ауыл дәмін аңсайтыны рас қой. Осындай жәрмеңке ұйымдастырған аудан басшылығына алғысымыз зор. Базарларда мына жердегі бағадан біршама қымбат. Кейбірі тіпті азық-түліктерін сол жақтан осында келіп саудалайды. Бүгін сиыр еті мен картоп сатып алдым, – дейді алпыстың бесеуін толтырған Әлімхан Қисметов.

Барлығы 12 ауылдық округтің өнімдері ұсынылуда. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызов қазан айының соңында тағы бір рет келетіндіктерін жеткізді. Яғни, жыл бітпей аудандар екі рет келулері қажет. Мұның себебін, індетке байланысты халықтың әл-ауқатын көтеру қажет екендігімен түсіндірді.

 - Негізі қазір брюцеллездік ахуал аймақ көлемінде құлашын кеңге жайып тұр. Сол себепті осыған дейін елордада өткен жәрмеңкеге тек жылқы етін ғана апардық. Ал бұл жолы ауылдық округ әкімдерімен кеңесіп барып белгілі бір өнімдер әкелінді. Оның ішінде, 8,5 тонна ет, 2 тонна балық, 200 келі бал және ұлттық өнімдер бар, - деді Қуанған Сәйпішұлы.

Балықшы ауылдық округі әкімдігіндегілердің айтуынша, әзірге қала халқының балық және балық өнімдеріне деген сұранысы орташа. Бұл жолы 7-8 түрі сатылымға қойылған.