Өткен сенбіде облыс орталығындағы «Freshmarket» фермерлік гастрономының алдында Күршім ауданының ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Таңғы сағат 8:00 де басталған жәрмеңкеге келген халық қарасы әдеттегідей мол. Әр ауылдық округтен жеткілікті түрде сиыр, қой, жылқы еті, балық, бал, сүт өнімдері әкелінген. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызовтың айтуынша, шараға 12 ауылдық округтің барлығынан келген.
– Сауда өте жақсы өтуде, бағасы халыққа қолжетімді. Құйған ауылдық округінен бір жарым тонна балық, әр округтен барлығы 5 тонна жылқы еті әкелінді. Көкөніс өнімдерінен 150 кг қияр әкелінгенімен келгендердің көптігіне байланысты өнім тез өтті. Әр адам жеке келіп өз саудасын жүргізе алмайды, ұйымдасқан түрде жәрмеңкенің жиі өтіп тұрғанын дұрыс деп санаймын. Мәдениет бөлімінен әртістер келіп әндерін шырқауда, - деді Қуанған Қарағызов.
Абай ауылдық округіне қарасты «Қарасай» шаруа қожалығының басшысы Талғат Бақтияров өнімді молынан әкелгендіктерін жеткізді.
- Облыстық Ауылшаруашылық басқармасы мен Күршім ауданының әкімдігі ұйымдастырып отырған жәрмеңкеге тиімді бағамен өз өнімдерімізді саудалаудамыз. «Қарасай» шаруақожалығының өнімдері арасында 150 кг сиыр еті, 100 кг қой еті, 10 кг сары май, т.б ұлттық тағамдар сатылымға молынан қойылды. Сауда жүріп жатыр - деді ол.
Күршімнен қарбыз келді дегенде жылдамдата кезекке тұра бастаған қалалықтарды байқау қиын емес.
- Биыл өнім бітік шығып, жәрмеңкеге 12 тонна қарбыз әкелдік. Таңнан бері шамамен бір жарым тонна қарбыз өтті. Ұйымдастырушыларға көптен-көп рахмет, - деді диқан Талғат Қарсыбаев.
Көптен бері жәрмеңкені күтіп жүрген қала тұрғындарының арасында Жамал Тұрысқызы да бар. Оның айтуынша, қазіргі қымбатшылық заманда жәрмеңкенің өтуі үлкен қуаныш, әсіресе ауылшаруашылық өнімдері көпшілік үшін таптырмас тағам. Азық-түліктің көбі қолжетімді, әрі ұйымдастырылуы да өте жақсы деді зейнеткер.