Өскемен қаласында құтқарушылар өз өмірін өлімге қимақ болған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалалық ТЖБ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 19 сәуір күні сағат 19.30 шамасында құтқарушыларға Қазыбек би көшесіндегі тұрғын үйдің тоғызыншы қабатынан секірейін деп тұрған азамат жайлы хабар түскен.
– Осыдан бір апта бұрын дәл осы 1992 жылғы шаһар тұрғыны өз өзін өлтірмек болған. Сол кезде ШҚО ТЖД психологтары оны бұл райынан қайтарған еді. Алайда ер адам тағы да суицид жасағысы келген. Тіпті өз балаларын терезеден лақтырып жіберетіндігін айтып қорқытуға дейін барды, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бірден оқиға орнына аттанған Төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары сол аумақты қоршап, қалай әрекет ету керектігін жоспарлап алды. Ал психолог Светлана Андрусенко пәтерге дейін көтеріліп өскемендікпен сөйлесе бастаған.
Мас күйде болған азамат материалдық жағдайының төмендігін, 4 баласын асырай алмайтынын айтыпты. Терезеде тұрған ол есіктің арғы жағындағы психологпен тілдесу барысында баласын көтеріп алып, секіріп кететіндігін айтып қорқытқан.
– Суицидке барғызбас үшін оның ойын бөліп, көңілін аулап әңгімеге тарттым. 30 минут ішінде ол біраз өзіне келіп, ашыла сөйлесті. Осы сәтті пайдаланып есікті ашуын өтінгенімде айтқаныма құлақ асты, – дейді Светлана Андрусенко.
Ер адамды әйелі қолдап келген екен. Бірақ оның да соңғы уақыттарда күйзеліске түскені белгілі болды. Отбасы мүшелері бірден қалалық әкімдікке жеткізілген. Оқиғаның мән-жайы, себеп-салдары анықталуда.