Бұрқыраған Бұқтырманың өзені, төбесін қар басқан асқақ таулар мен жүйткіп шауып келе жатқан тұлпардың бейнесі — бұл суретші Қуаныш Әділбектің бояуынан туған ғажап көріністер. Өскемендегі Орталық қалалық кітапханасында «Қылқалам құпиясы» атты сурет көрмесі автордың қайталанбас туындыларын көрерменге паш етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Шараның шымылдығын күмбірлеген күймен ашқан жас өнерпаздар көрменің көркін қыздырды. Сырбаз суреттердің сәні мен мәні қазақилықтың иісін осыдан-ақ сездіргендей. Суретшінің шығармашылығы да ұлттық болмысымызды аңғартып ақ тұр.
Суретші сонымен қоса ұстаз, мүсінші ретінде белгілі. Өз шығармашылығынан басқа, көрмеге өз шәкірттерінің де туындыларын алып келген. Оқушылары түрлі республикалық, халықаралық байқаулардың жүлделеріне ие болып ұстаздарының ізін жалғап жүр екен.
Шара барысында келген қонақтар, атақты суретшілер, тілшілер сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді.
- Катонқарағайдың кербез топырағында дүниеге келіп, сұлу табиғатында өскен баланың не ақын, не суретші болып тумауы мүмкін емес. Сондықтан бұл өнер нағыз қазақы өнер, - деп атап өтті облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Мерей Қайнарұлы.
Қуаныш Әділбек қазіргі таңда Катонқарағай ауданындағы Шығармашылық үйінде жұмыс істейді. Туындылары төрт құрлықтың байқауынан жүлделі қайтып жүрсе де жас талант туған жердің топырағында тынымсыз еңбек етуде. Осыған дейін аудандық деңгейде жеке көрмесі өтсе, бүгін облыс орталығында алғаш рет туындылары көптің назарына жол тартты.
- Көрме «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат - тасада жатқан талантты жастардың туындыларын насихаттау, көрермен қауымға көзайым ету, - дейді кітапхана қызметкері Қызырбек Дүргінбайұлы.
Пейзаж, табиғат портреттері жанрында сурет салу екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын жанрдың бірі. Десе де шебер шын шеберлігін өз шығармаларынан байқатып жүр. Шара соңында облыстық Суретшілер одағы атынан ұсыныс-пікірлер айтылып, жобалар ұсынылды. Қуаныш Әділбек тіпті келушілерге арнайы мастер-класс өткізіп, өтініш жасаған адамға өз портреттерін салып берді.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ