Өскеменде мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші жазаға тартылды

426
көрілім

Көлік басқару құқығынан айырылған Өскемен қаласының тұрғыны мас күйінде көлік басқарып, жол-көлік оқиғасына себепкер болғаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

12 қаңтар күні Өскемен қаласы Бажов көшесінде  Mercedes автокөлігі Mitsubishi автокөлігіне соқтығысқан.

Mercedes автокөлігінің жүргізушісі 44 жастағы ер адам мас күйінде болған. Сонымен қатар жүргізушінің 2018 жылы көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 3 жылға жүргізуші куәлігінен айрылғаны анықталды.

- Жол-көлік оқиғасына кінәлі азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабы 2-бөлігі бойынша көлік құралын басқару құқығысыз мас күйінде көлік жүргізгені үшін қылмыстық іс қозғалды. Ол 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - деп атап өтті Өскемен қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Даур Ибраев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасында 2020 жылдың 11 қаңтарында көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейту туралы заң күшіне енген болатын.