Өскеменде «Маска» сыйлығының иегерлері марапатталды

1152
көрілім

Драма театры ұжымы мен облыстық Мәдениет басқармасының басшылығы тізе қосып, бүгін бірқатар өнерпаздарды марапаттады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Халықаралық театр күніне арналған мерекелік шараға келушілер саны да аз болмады. Иә, залдың төменгі бөлігін кілең актерлердің толтырғаны рас, дей тұрғанмен тынығу үшін «бөлінген» алтын уақытын бағамдап, мәдени һәм рухани ордаға ағылғандар бос орындарды бірте-бірте толтыра түсті.

Шынымен-ақ үш ұжым бір шаңырақ астында бас қосып, талай туынды мен бірегей тұсаукесерлерді меймандарға ұсынып жүргендеріне аз мезгіл өтпеді. Бүгін соны қортындылап, үздік деп танылғандарға лайықты бағасын берудің сәті түсті. Айтпақшы, шара шымылдығы ашылмас бұрын қазақ, жастар және орыс труппасының өнерпаздары көптің қуанышына шомылып қызыл кілеммен жүріп өтті. Есімдері ел ішіне танылғандары бар, жас та болса жанары жалын атқандар да болды. Бастысы, үш ұжым да әр қойылымымен өңір тұрғындарын қуантуға асық тұрады.

– Театр жоспарына тек белгілі бір шығарманы сахналау ғана кірмесе керек, көрермен көңілін нұрға, жүректерін жырға бөлеп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтау да жатады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында игілікке шақыратындар да сіздер. Актерлер қауымына, театр ұжымына елге, шығысқазақстандықтарға қызмет ету жолында шалқар шабыт, зор денсаулық тілеймін, – деген ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов біртіндеп марапаттау рәсіміне де көшті.

Сонымен «Ең үздік ер адам рөлі» Айзат Рақышовтың «Тегімді менің сұрама» монодрамасындағы «Әмір» образын ойдағыдай алып шыққан Мирас Разхановқа бұйырды. «Ең үздік әйел адам рөліне» Қазақ драма театрының актрисасы Диана Қазыкешова лайық шықса, Гүлбақыт Бақтыбаева «Қазына» номинациясының иегері атанды.

Бұдан бөлек, сахна төріне беттеп, қонақтардың алғысына бөленген өнерпаздар, олардың жеке мұрағатында алтын әріппен сақталатын номинациялар саны көп болды. Содан көпшілік тағатсыздана күткен «Рүстем Есдәулет» атындағы аталымға да жетті. Қызығы сол, актерлерге өз араларында кімнің оза шабатындығы аса маңызды еместей көрінді, себебі олар қай әріптестерін болса да шын жүректен қолдауға бар еді. Аздаған секундтардан соң Нұрболат Қадырұлы Арай Маралбекованың есімін атап, зал әп-сәтте қиқуға басты. Оған дейін театр қызметкерлері де осы өнерпаздың өнерін жиі айтып жүрген-тұғын.

Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының белді мүшесі Ақжол Сақанов Маска сыйлығының «Үздік ер адам бейнесі» аталымын иеленді. Дәл осындай марапатқа Алмажай Төремұрат та лайық шықты. Ал «Өмір-өзен» музыкалық драмасы – «Жылдың үздік спектаклі».

Ал орыс труппасынан Михаил Иванов, Ирина Красикова, Светлана Степанова сынды өнер иелерінің есімдері аталды.

– Ұжымдағы өнерпаздардың барлығы бір-бірлеріне тілекші. Мерелелік шара қарсаңында номинант атанып жатқаныма қуаныштымын. Осындай қолдаулар тұрғанда сапалы әрі мағыналы қойылымдар ұсынуға әркез әзірміз, – деді Мирас Разханов.

Театр директоры Руслан Қайырсынов та театр меймандарына алғысын жеткізді. Қазақ және орыс труппасының ауызбіршілігін ерекше атап өтті... Әрі қарай әуелеген ән шырқалып, Талдықорған қаласында өткен байқауға жүлде әперген музыкалық қойылым ұсынылды. Шеберлікпен орындалған акробатикалық қимылдар жұртшылықты салған жерден баурап әкетті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ