Кеше облыс орталығындағы Ана мен бала орталығына күйістері әбден кеткен екі бала жеткізілді. Жауапкершіліктен жұрдай ата-ананың аярлығынан болар, ағалы-қарындасты екеуі де әбден шошынған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ақ халаттылар бір жастан енді асқан Светаның беті, мойны мен маңдайындағы жарақаттарға дәрі жағып, алғашқы көмектерін көрсеткен. Десе де әлі өз бетімен жүре алмайтын бүлдіршін қыздың жүзі солыңқы, палатаға бөгде ер адамдар кірсе жатырқай шошиды. Ал ДЦП дертімен ауыратын ағасы Данил үйден гөрі сол мекемеде қалуды жөн көреді. Ол да өз бетімен жүре алмайтын мүгедек. Жасы тоғызда. Жеткіншектің сөзінше, ата-анасы екі бірдей баласын саяжай маңында қалдырып кеткен. Кейін үйілген қардың түбінде жатқан балаларды көрген көршілері дереу жедел жәрдем қызметіне хабарлап, бірден Ана мен бала орталығына жеткізген.
– Бағына қарай көп зардап шекпеген. Орталыққа әкелген кезде үсті-бастары кір, киім-кешектері жуылмаған болатын. Алғашқы көмек көрсетіліп, алдарына ас қойғанда Данил тек нанды асай берді. Соңғы рет қашан тойып тамақ ішкендері белгісіз олардың. Дәл осындай жайт жазда болып еді. Бірақ ол кезде зардап шеккен сәбидің жасы 1-ге енді ғана толған болатын, – дейді орталықтың емдеу жөніндегі директоры Милана Халитова.
Дәрігерлердің «Мойның мен бетіңдегі жарақат қайдан пайда болды?» деген сауалына Данил «Әкем шылым шегіп отырып шоғын басты» деп жауап берді. Белгілі болғандай, қос баланың өміріне немқұрайлы қараған ер адам бүлдіршіндердің туған әкесі де емес екен. Шешесімен бөтелкелес болып азаматтық некеде тұрып жатқан біреу көрінеді. Тоғыз жасар баланың айтуынша, әлгі адам ащы суға тойып алып Данилді терезеден лақтырып жібермекші де болған. Енді міне, мүмкіндігі шектеулі бала мен қаршадай қыз баланы қыраулы қыста саяжай маңындағы қарға қалдырып кеткен ата-анадан көрмеген қамқорлықты еріктілер көрсетуде.
Анығы сол, аталмыш жағдайды құлағы шалған қалалықтар бейкүнә балаларға жан-жақты барынша көмек көрсетуге тырысуда.
Әділхан ЕСІМХАНОВ