Бүлдіршіндер көгілдір экран арқылы тамашалап жүрген «Маугли» мультфильмы Шығыс Қазақстан облыстық «Жастар» театрында қуыршақ ертегісі болып көпшілікке ұсынылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тамаша туындының авторы – танымал ағылшын жазушысы Редьярд Киплинг. Бұл қойылымды Жастар театры актерлерінің бар шеберліктерін паш етіп сахналауының өзі бекер еместей. Қазіргі қым-қуыт қоғамда әр адам жеке бас қабілеті мен мүмкіндігіне сенбесе, азулылардың аранына түсіп, өз дегеніне жете алмай кетулері кәдік. Джунгли заңы да дәл осындай. Қатігездік, әділетсіздік, сәт-сайынғы қарбалас күрес. Өр мінезді аңдардың әсіреөшпенділіктері де қойылымның әр эпизодында көрініс берді. Актерлердің шеберлігінде де шек жоқ-ау, бірі сөз алып, шындық хақында пікір білдірсе ну ормандағы тағыларға тіл бітіп, ой-пайымдары қазіргі қоғамды дөп басып бейнелеп тұрғандай.
Көпшілік арасында әр нәрседен хабары бар біреудің болары заңдылық шығар, тұсаукесердегі сондай кейіпкер Табаки. Сабалақ, айналаға сұқтана көз тастап, барлығын білуге құмар. Ақыры, адамзаттың Джунгли заңына бекем бола алмайтынына көзі жеткен соң әккілігі мен қаһары бір сәтте арнасынан асып төгілетін Шерханға жақтасады. Қорбаңдаған Балудың, ішкі түйсігі алысты болжайтын Багираның, ақылы мен айласы бір бойына жететін Акеланың берген нұсқаулығынан қандай орта, қандай заман болсын әркімнің өзі үшін өмір сүріп, қоршаған ортаның қысымына шыдас берер қабілетке ие болуға шақырады. Ал Маугли ше? Бөлтіріктермен ас-суды бөлісіп ішіп, жүріс-тұрысы солардыкінен аумай қалған бейкүнә кейіпкердің шынайы қорғаны кім? Мұны қойылым барысында тамашалап, іштей тілеулестік танытумен болдық. Өзі нәзік жанды болса да басты кейіпкердің рөлін сомдап шыққан Томирис Аманғазы олқылыққа бой алдымай, режиссер берген нұсқаулық пен дайындық барысындағы әр қимылды айна-қатесіз орындап шыққандай.
– Редьярд Киплингтің бұл шығармасымен толыққанды танысуға тырыстым. Осы рөлді сомдаудың мен үшін маңызы зор. Дайындық барысында түрлі мультфильмдердегі Мауглидің жүріс-тұрысына мән беріп, ер баланың даусын салып көруге тырыстым. Кішкентайынан аңдардың арасында өскендіктен оның не адамдар санатына, не жануарлар санатына қосыла алмай, екі ортада қалып қойған сәтін жеткізу оңайға соқпады. Дегенмен тұсаукесер ойдағыдай өтті деп сенемін. Өз рөліме келсем, алда әлі де дамыта түсу керек, – деді Томирис.
Қойылымның режиссері Сырым Маратбекұлының айтуынша, актерлер үдеден шықты, жоспар орындалды. Бастысы, көрермен риза. Ал тұсаукесерді тамашалаушылардың басым көбі бүлдіршіндер. Олардың риясыз әсері сахна декорациясы түрленіп, бір кейіпкердің ту сыртынан өзгесі шыға келгенде «Ән-е-е! Артыңда-а-а!» деп қауіптің барын сездіру үшін жанталаса белгі берген сәттері шығарманың сабақтастығын, дайындық барысының жоғары болғандығын аңғартты.
– Мұндай қойылым өңірде бұрын-соңды қойылмаған. Қуыршақ өнері облыста кенжелеп тұрғандықтан сол олқылықтың орнын толтыруға деген сенімді қадамдардың бірі бұл. Көрермендер үшін тосынсый десек те болады. Бір жағынан осы қуыршақ рөлдерін сомдаудың жауапкершілігі айрықша мол. Ал бұл тұрғыда Маугли шығармасын таңдауымыз балалардың қабылдауына да жеңіл болар деген ойдың жетегімен еді. Бұрын актерлердің әр қимылы көпшілік назарында болса, бұл жолы олар жануарларға жан бітіргендей болды, – деді режиссер.
Әділхан ЕСІМХАНОВ