Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінде өткен жиында айтылды. Жауапты тұлғалар осы бағытта қандай бұзушылықтар жиі тіркелетінін сөз етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігіндегі өзгерістерге тоқталды. Соған сәйкес ел көлемінде былтыр қараша айында аудан әкімдерін сайлау туралы заң қабылданған. Ал биылдан бастап кейбір аудан басшылары тікелей халықпен сайланатыны ескеріліп, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгерістер енгізілді.
– Осының нәтижесінде көптің шешімімен қызметіне кіріскен әкім сынақ мерзімінен босатылады. Сонымен қатар сайланған аудан басшыларынан «лауазымын төмендету» тәртіптік жазасы алынды. Желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою мен мемлекеттік қызметтен шығару жөнінде Заң қабылданды, – деді ШҚО-дағы Мемлекет қызмет істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев.
Қайрат Нұрғазыұлы азаматтарға көрсетілетін қызметтерде бәрі Заң аясында жүзеге асырыла бермейтінін алға тартты. Яғни, былтыр республика бойынша 46 мың бұзушылық болса, Шығыс Қазақстанда бұл көрсеткіш – 1109-ге жеткен. Оның ішінде, ең жиі кездестіндері: қызмет көрсету мерзімі мен тәртібін бұзу, артық құжаттарды сұрату, сонымен қатар қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту.
Мемлекеттік қызметтен шығару дегенге қысқаша тоқталсақ, аталған Заңнама негізінде мемлекеттік грантпен университеттерді тәмамдаған түлектерді аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау үшін оқу нәтижелері белгіленіпті.
– Осылайша, тиісті оқу нәтижесі 3,33GPA, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» деген көрсеткіш, немесе 100 баллдық жүйені алсақ, 85-89 деңгейінде бекітілді, – деді Қайрат Сапарғалиев.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Агенттік төрағасы белгілі бір басқармаларға конкурссыз негізде басшы тағайындау мүмкіндігі барын айтты. Айталық, ауыс-күйіс кезінде Денсаулық сақтау басқармасы басшысыз қалса, тез арада лайықты маманды сол жерге бекітеді.