Өскеменде мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қаралған жиын өтті

169
көрілім

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында әкімдік пен түрлі салада болған бұзушылықтар талқыға салынып, ресми статистика ұсынылды. Жауапты тұлғалар жиын соңына қарай субъективті пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осы жылдың алғашқы отырысына Алтай қаласының әкімі Игорь Оконешников те шақырылды. Облыс орталығына келуіне мемлекеттік қызметтің имиджін түсіру бойынша жасаған әрекеті себепші болған. Ал оған дейін бірнеше адам баяндама оқып, мемлекеттік қызметшілер тарапынан жіберілген олқылықтарға тоқталды. Аудандарда болған кем-кетіктер жайлы ақпараттар ресми дереккөздерден түсіп, кейін тәртіптік кеңесте талқыға түседі.


– Жиында Көлік инспекциясында жұмыс істейтін тұлғалардың істері де қаралады. Айталық, өңірден шет елдерге жүк тасымалдайтын көліктерге рұқсат қағазы беріледі. Құжаттардың дұрыс болуы әсіресе, олардың тіркемесіне байланысты. Прокуратура  анықтағандай, кейбір көліктің тіркеу нөмірі басқа да, тіркемесінің нөмірі басқа. Демек, инспекция жағы заң бұзушылыққа жол берген. Біздің тараптан кеңес мүшелері бұны толық зерделеп шықты, – деді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев.
Мәлім болғандай, былтыр ұзын-саны 71 іс қаралып, Әдеп кеңесінің тоғыз отырысы өтті. 70-тен астам істің 48-і профилактикалық сипатта жалғасты. Ал 23-і тәртіп іс. Қызығы сол, заңнан аттаған шенеуніктердің қызметінен босатылуына орай, 23 істің 7-уі қысқартылды.


– Осыған қатысты менде сауал туындайды. Айталық, облыс көлемінде заң бұзып, кейін өзіне кінә артылатынын сезген шенеунік қызметінен босатылады. Кейін оның басқа облысқа барып, жоғары лауазымға тағайындалғанын естиміз. Сонда біз жақта бұзушылыққа жол берген адам қалайша өзге өңірде қызметін алаңсыз жалғастырады? Әртүрлі облыс болғандықтан, басқа аймақта құзыретіміз жүрмейді. Осылай жалғаса бермек пе? – деді кеңес мүшесі Азамат Есембулов.
Дегенмен Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қайрат Сапарғалиев осы тұрғыда заңнамада өзгерістер болуы мүмкін екенін жеткізді.
Облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мира Есенғазықызы әлеуметтік желілерге мониторинг тұрақты түрде жасалатынын жеткізді. Айтуынша, мемлекеттік қызметшілер жұмысына қайшы келетін суреттердің жариялануы да үнемі бақылауда.

Әділхан ЕСІМХАНОВ