Облыс орталығындағы «Даңқ» мемориалында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшылары мен әскери бөлімдердегі 500 әскеридің қатысуымен салтанатты шара болып өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Салтанатты шараның басы 5518 әскери бөлімі оркестрінің «САҒАДАТ» маршы мен Ту тобы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қарсы алды. «Даңқ» мемориалына жиналған жұртшылық көк туды көкке көтерген айбынды әскерилердің саптық жүрісін тамашалап, әскерилермен бірге әнұранды шырқады.
– Әр азамат өз елінің патриоты болып, халқымен мақтана білуі керек. Сонда ғана бір тудың астында бірлігіміз нығая түседі. Қазақстанның әр азаматы елінің болашағы үшін адал тер төгіп, Отанын сүйе білсе ғана біздің мемлекетіміз гүлдене түседі, – дейді ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы полковник Дмитрий Бочаров.