Облыс әкімдігі мен ҚР Жоғары білім беру ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен форумда мемлекеттік тілдің насихатталуы талқыланып, оның этностар арасында рөлі сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған шараға Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылары, ақпараттық және әлеуметтік даму ісінің қызметкерлері, Қазақ халқы Ассамблеясы, облыс әкімдіктерінің тіл саясатын жүзеге асыруға жауапты бөлім басшылары, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тәуелсіз сарапшылары, құқық қорғау өкілдері өкілдері қатысты.
Шара басталмас бұрын облыстық өлкетану музейі үздік тарихи жәдігерлерін әкеліп, көпшілік назарына ұсынды. «Ұлы дала алтыны» деп аталатын көрменің басты мақсаты – тұрғындаға ұлттық мұраларды паш ету.
Жиынға арнайы келіп, тілшімізге сұхбат берген «Alikhan Bokeikhan University»-нде түрік тілінен сабақ беретін аға оқытушы Мехмет Каваклы орыс тілін қолданбай қазақша ғана сөйлейтінін жеткізді.
– Қазақ тілі жойылса, қазақ ұлты да жойылады. Түркияда жүргенде тек қана түрік тілін қолданамыз. Қазақстанда да мемлекеттік тіл қолданылу керек, – дейді ол.
Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай өңірде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған шаралардың жиі өтуін орынды санады.
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту дегеніміз – қазақ тілін барлық салада қолдану. Әсіресе қаржы мен өңдіріс саласында қажеттілігі байқалады. Ана тілімізді насихаттауды тек мәдени мекемелерге ғана жүктемей, басқа да әдістерін іздеген жөн, - деп ұсыныс білдірді Әскерхан Ақтай.
Қазақстан темір жолы ұлттық акционерлік қоғамының өкілі Ербол Тоқтағазы форум аясында жастардың ана тілін қолдану шеңберінде деградацияланып бара жатқанын жеткізді.
– Әртүрлі жаргондар, диалект һәм кірме сөздер тіліміздің құндылығын жояды. Балаларымыз ғаламтор желісіне үңіліп, мобильді қосымшаларды пайдалануды қояр емес. Алысқа бармай-ақ «Балапан арнасына» балалар үшін қолайлы. Жастарымыз шетелден келген мәдениетке еліктеп, отандық дәстүр ұмытылудың алдында тұр. Байқасам, ұлым «Балапан» арнасын көргенде, «Мен Алпамыс батырмын» деп мақтанса, қазір «Өрмекші адаммын» деп ұрандайтын болды. Ең бірінші, ата-аналардың өздері қазақ тілін қолдану керек. Кейін балалар да олардан үлгі алатыны анық, – дейді Ербол Әуелбекұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, оның бір тармағы мемлекеттік тілді дамытуға арналған.
Форумның мақсаты – қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру.
Отырыс кезінде құқықтық актілердң жобаларын екі тілде дайындау, құқықтық акт тілінің анық әрі түсінікті болуы сияқты тақырыптар да қозғалды.
Аталған форумды қолдап, Семейден арнайы келген пәкістандық Усама Мухаммад Шахид қазақша сөйлеп, жиналған қауымды ауызына қаратты. Қазақ тілін қалай үйренгенін, не үшін Қазақстанда білім алып жатқанын айтып берді.
– 2020 жылы мектеп бітіргеннен кейін шетелдік студенттерді қабылдайтын оқу орындарды іздей бастадым. Ол кезде пандемия асқынып тұрды. Оқудың onlinе түрін құп көрмей, екі жыл күтіп, дәстүрлі жүйесіне оқуға түстім. Қазақстанға қалай тап болдым дейсіздер ғой? Ғаламтордан әдемі суретке көзім түсті. Бұл суретте Ертістің жағасы бейнеленген әдемі көпірді көрдім. Сөйтсем, Қазақстанның Семей қаласындағы Ертіс өзені екен. Менің бағыма орай, бұл қалада шетелдік студенттерді оқытатын оқу ордасы бар болып шықты. Қазір Шәкәрім университетінің қазақ филология факультетінің студентімін. Қазақ тілін үйренген кезде оның мәдениетімен де, әдебиетімен де таныстым. Семей – қазақтың ұлы ақыны Абайдың жері екенін білгенде қатты қуандым. Шетелге танымал болған ақынның жерінде білім алу мен үшін ізгі істерімнің бірі, – деді ол.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абайдың өлеңін жатқа айтқан пәкістандық жігіт өзінің шыншыл көзқарасымен ана тілін ұмытқандарға үлгі болды.
Валентина СЕЙІТҚАНОВА