Өскеменде мерекелік шара жоғары деңгейде өтті

511
көрілім

Таңертеңнен бері қала тұрғындарына үлкен мерекелік бағдарлама әзірленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңір басшысы Даниал Ахметов Instagram парақшасында өскемендіктерді құттықтады.

– Негізгі Заң – еліміздегі тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің кепілі, мемлекетіміздің демократиялық дамуының мызғымас іргетасы. Биылғы ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум азаматтарымыздың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Конституция азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Оның арқасында біз тұрақтылық, келісім мен гүлдену жолында сенімді түрде жүріп келеміз», – деп жазды Даниал Ахметов.

Шығысқазақстандықтар Конституция мерекесімен тұпа-тұс келген қала күнін қуанышпен қарсы алды. Өскеменге биыл 302 жыл толып отыр. Бұл күні қалада жаңа балабақшалар, аулалық ойын алаңдары, емхана ашылды.

– Өскемен – таңғажайып әсем жерде орналасқан, қайталанбас тарихы бар қала, ал қала тұрғындары – өз Отанының нағыз патриоттары. Қала жылдан-жылға көркейіп, өсіп-өркендеп, жаңа шағын аудандар пайда болып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр, жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар да ашылып жатыр. Бүгін мен шын жүрегіммен достық пен бірлікте болуымызды тіледім, себебі біздің күш-жігеріміз, ұмтылыстарымыз қаламыздың дамып, гүлденуіне септігін тигізуін қалаймын. Тұрғындардың барлығы бақытты және жұмысында табысты болсын, - деп атап өтті аймақ басшысы.

 

Бас алаңда қала өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Мерекеге 1000-нан астам көрермен жиналған. Сондай-ақ Өскеменнің тарихынан сыр шертетін үш интерактивті киіз үйде тігілген.Субұрқақ жанында балаларға арналған ойын-сауық шаралары, сиқыршылардың шоулары, фольклорлық ұжымдар өнер көрсетті. Кешкі бағдарлама гастрофестивальмен жалғасты, қала тұрғындарына арнап 200кг-дық үлкен туған күн торты ұсынылып, тегін таратылды. Мерекенің басты қонағы қазақ эстрадасының жұлдызы Мирас Жүгінісов келіп, өз өнерін көрсетті. Шара соңы мерекелік отшашумен жалғасты.