Өскеменде Металлургтер күні қарсаңында үздік қызметкерлер марапатталды

406
көрілім

Қазцинк зауыты ғимаратында өткен салтанатты шараға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Оның айтуынша, елдегі металлургияның даму қарқыны бірқалыпты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлға ең алдымен металлургтер қызметін бағалап, олардың облыстан асып, республика көлемінде өндірісті өркендетіп отырғандарын айтты. «Қазцинк» ЖШС өндірісі Қазақстандағы жалпы ішкі өнім үлесінің 10 пайызын құрайды.
– Металлургияның даму қарқыны бірқалыпты. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес өнәркәсіпке құйылған инвестиция 3,5 млрд долларға жетті. Таулы металлургия кешені көп адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, оларды шынықтырып келеді, – деді Олжас Бектенов.


Зауыт ғимаратындағы залда қаз-қатар тізіліп отырған қарапайым еңбек адамдарының біршамасы осы мамандықта кемі 10 жыл тер төккен. Көбінің айтуынша, осы жұмыстан ауыспауларының бір себебі – мұнда табанды еңбек ұжымы қалыптасқан. Басқа бағытта бәрін басынан бастағаннан гөрі, тұрақты жұмыста табысқа жетіп, өнеркәсіптің өрлеуіне үлес қосқылары келеді. Мұнда Титан-магний комбинатынан, Үлбі металлургиялық зауытынан, «ШығысМашЗауыт» сияқты ұйымдардан да келді. Бірі III дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісіне лайық шықса, басқасы Алғыс хаттарға ие болды.


– Өскеменге 2005 жылы жұмысқа келдім. Қорғасын-мырыш зауытында катодшы болып бастап, қарбалас қимылдың қазанында қайнай бастадым. Тамыз айының 2-сі күні еңбек өтіліме 19 жыл болады. Жұмыстың оңайы жоқ. Мұнда қауіпті сәттер кездесіп жатады. Бірақ соның бәрінің алдын алып, сақтық танытса, қатерді белден басуға болады. Мен алғаш бастағанда өз үйім де болмады, пәтер жалдадық. Әйтеуір мұндағы іс тез оңды. Марапат бұйырады дегенде сәл абдырап қалдым, – деді Бақыршық ауылының тумасы Айдарбек Жакупов.


Дәл осылай қуанышқа шомылған азаматтардың бірі - Сайранбек Абайделдинов. Ол қазіргі Абай облысының тумасы, еңбек өтілі - 30 жылға таяу.
– Өскеменге оқу бітіріп, 1987 жылы келдім. 1995 жылдан бері осы кәсіпорындағы жұмысшылар қатарын толтырдым. Мен алып жүрген технолог мамандығының өзіндік қиындығы бар. Білім де керек, мінез де керек. Қазцинкте еңбек қауіпсіздігіне баса мән береді. Осы марапатыма бек қуаныштымын. Алғаш естігенде таң қалдым. Менің ойымша, металлург мамандығы әлі өз биігінен түскен жоқ, – деді ол.