Өскемен қаласында «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» АҚ басшысы болған Анатолий Балушкинге қатысты сот ісі басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анатолий Балушкинге және «АЗИЯ АВТО» компаниясының бас директоры Ерік Сағымбаевқа қатысты сот процесі басталды. Сотталушылар Қазақстанда болмағандықтан сот ісі сырттай өтіп жатыр.
Қалалық №2 сотының материалдарына сәйкес, Анатолий Балушкинге ҚР Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 218-бабы 3 бөлігінің 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру) бойынша айып тағылған. Ал Ерік Сағымбаев ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен және 245-бабы 3-бөлігімен (салықтан жалтару) бойынша сотқа тартылуда.
Адвокаттар айыпталушылардың Ресей азаматтары екендігін айтып, істі сол елдің құзыретті органдарына жіберу туралы өтініш жасаған. Ал жәбірленуші тарап пен прокурорлар соттан олардың бұл өтінішін қанағаттандырмауды өтінген.