Өскеменде мүгедек ерлі-зайыптылар баспанасыз сенделіп жүр

477
көрілім

Бүгінде барар жер, басар тауы жоқ Зайсан ауданының тумасы Гүлжанар Смекенова бірнеше жылдан бері баспанаға жарымай, әр жерге көшіп-қонып жүргенін айтып, Бұқара.кз сайтының редакциясына қоңырау шалған еді. Жолдасы болса ауыр дертке шалдыққан. Осы күні Қанай ауылындағы емханада тиісті көмек көрсетілуде. «Қайран менің өз үйім, кең сарайым боз үйім» деп, қара шаңырағында көсілуді арман етіп жүрген жанның өтінішімен таныс болған соң Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментіне сұраухат жіберген едік.

Сәт сайын сырқаттар мазалаған

Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылының тумасы Өскеменге 2004 жылы қоныс аударған. Сол кездің өзінде сырқаты жиі мазалалап, жұмыс барысында қиындық көріп жүрді. Туған жер топырағында жүріп 1997 жылы II топтағы мүгедек деген диагноз қойылған. Айтуынша, жолдасы талай жыл табан аудармай еңбек етіп, өмірге деген белсенділігі жоғары болыпты. Алайда Өскеменге қоныс аударғаннан бастап денсаулығы сыр беріп, кейіннен дерті тіптен асқына түскен. Дәрігерлер Альцгеймер сырқаты деген диагноз қойып, I топтағы мүгедек ретінде тіркеуге енгізілді. Сорақысы сол, облыс орталығына келгелі аталған жанұя пәтерсіз ғұмыр кешіп келеді. Ал Зайсандағы үйін сатқаннан кейін баспана кезегіне тұру үшін заң жүзінде бес жыл өтуі тиіс-тін. Дығыры мен ығыры шыға бастаған отбасының соры қалыңдай бастады. «Жығылғанға жұдырық» демекші, Гүлжанар апайдың аяқ алысы да қиындап, сәт сайын дегбірі қаша бастады. Қиындық қамыты тереңге тарта бастағанда кезекке тұрудың сәті 2011 жылы мүмкін болған. Сол жылдары екі аяққа бірдей ота жасап, эндопротез салдырды.

– Бастапқыда жағдай бірқалыптана бастағандай еді, алайда 2014 жылы қайта ота жасаттым. Онымен қоса, бұл уақыттары тұратын жер болмай, әр жерді бір, саяжайды бір жағалап сергелдеңге түстік. Пәтер жалдап тұра бергенге қалтамыз көтермеді, әрі жолдасымның жүзі қуқыл тартып, жағдайы күрт нашарлай түсті. Тоқ етерін айтқанда, күніміз пәтер іздеумен өтті, – дейді зайсандық зейнеткер.

Төлемақы төленуде ме?

Тауқымет көріп жүрген жанның жолдасы соңғы уақыттары жиі есін жоғалтып, сан рет өз өміріне қауіп төндірген. Қазірде Ұлан ауданының Қанай ауылындағы емханада. Күндердің бір күні көмек болар ма деп айналаға телмірумен жүрген жан пәтер мәселесі шешілсе жанына алатынын жеткізді.... Гүлжанар апайдың өмірдің осындай ащы тұстарын айта беруіне құлқы да жоқ. Бар айтатыны неше жыл бұрын пәтер кезегіне тұрса да, әлі жылжымапты. Бұл ретте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментіне аталған азаматшаның пәтер кезегінде нешінші болып тұрғаны туралы жіберген сұраухатқа «Сұрауларыңыз Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөліміне жолданды» деп жауап берілді. Ал отбасындағы екі адамның мүмкіндігі шектеулілігіне байланысты «Қазақстан Республикасында асыраушысынан айырылуына қарай және жеке жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар» туралы ҚР 1997 жылғы 16 маусымдағы №126-I Заңы 12-бабының 5-тармағына сәйкес егер зейнетақы төлемінің мөлшері мүгедектердің тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшерінен кем болса, жәрдемақы мөлшеріне дейін жеткізілген тиісті қосымша төлемдер түрінде жүргізіледі» деген жауап алдық. Абырой болғанда, жағдайы шатқаяқтап тұрған отбасыға әлеуметтік жәрдемақы уақытылы төленіп тұрады. Осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап барлық төлемдер мөлшері – 73355 теңге.

Түйткілдің түйіні әлі шешілмейтіндей...

Үш баланың анасы басына іс түскенге дейін біреудің есігін қағып, шарасыз кейіп танытпаған. Дегенмен қазіргі тұрып жатқан пәтеріне жуық арада өзге тұрғындар келіп қоныстанатынын ескерсек, Гүлжанар апайдың тағы да саяжай паналап жүруі ғажап емес. Ал жоғарыда аталған сұраухат жауабында 2019 жылдың қаңтар айының бірінен бастап II топтағы мүгедекке 45438 теңге, ал I топтағы мүмкіндігі шектеулі жанға 57021 теңге көлемінде жәрдемақы белгіленгені жазылған. Дегенмен отбасындағы екі бірдей жанның денсаулығында дімкәстік бар екені, жиған-тергеннің басым көпшілгі дәрі-дәрмекке кететіндігі, сондай-ақ пәтер кезегінің бәлендей жылжи қоймағаны түйткілді мәселенің түйіні жуық арада шешілмейтінін аңғартады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ