Өскеменде қалалық жұмыспен қамту бөлімі мен бас партияның өкілдері мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады. Мамандар «еңбек етемін» деушілерге есік ашық екенін хабарлайды.
Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің өкілі Совет Әубәкіровтың айтуынша, облыс орталығында 11 мыңға жуық мүгедек адам тіркелген. Былтыр бұл санаттағы 66 адам жұмысқа орналасуға ниет білдіріп, тең жартысы қоғамдық, үшеуі тұрақты жұмысқа орналасқан. Бөлім басшылығы шаһардағы 123 кәсіпорынға хат жолдап, нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайына қарай 349 жұмыс орны ашылған.
2005 жылы қабылданған «ҚР мүгедектерді қорғау туралы» Заңына сәйкес, кез келген кәсіпорын мүгедек жандарды жұмысқа алу үшін ұжым жұмысшыларының 2-4 пайыздық мөлшерін квота ретінде бөлуі керек. Заңды орындау міндет болғанымен, көптеген кәсіпорындардың жұмыс реті мүгедек жандардың ыңғайына келмейтіндіктен, оларды жұмысқа орналастыру оңайға соқпай тұр.
– Жұмыспен қамту орталығы мүгедек жанды белгілі бір кәсіпорынға еңбек етуге жолдағанымен, жұмыс реті оның ыңғайына сәйкес келмеуі мүмкін. Егер кәсіпорынның негізді түрде оны жұмысқа ала алмайтындай себебі болса, онда сұрақ басқа. Бірақ, ол орында мүгедек адам еңбек етуге қауқарлы болғанымен, жұмыс беруші оны қабылдамаса, онда заңды түрде аталған кәсіпорынның басшылығын жауапқа тартуға болады, – дейді «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова.
Мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек етемін десе, Өскемендегі Тургенев көшесінде орналасқан жұмыспен қамту орталығына өтініш беруі тиіс. Тек оған бармай тұрып, ниет білдіруші өзінің тұрғылықты жеріндегі аурухана дәрігерінен «еңбек етуге жарамды» деген анықтама қағазын алып келуі керек.
Аян ӨРІБАЕВ