Өскеменде Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы қалай аталып өтті?

608
көрілім
Өскемен қаласында қазақ әдебиеті тарихында ойып тұрып орын алған шоқтығы биік жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы атап өтілді. Еліміздің әдебиетін айдай әлемге танытып, артына өшпес мұрасын қалдырған біртуар тұлғаның еңбегі жас ұрпақ арасында кеңінен түсіндіріліп дәріптелді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шара барысында бірнеше облыстық кітапхана, мұражай және театр қызметкерлері жазушы есімі берілген даңғылдағы аялдамаларда қала тұрғындарына көрме ұйымдастырып, әнмен шашу шашты. Қазақы көйлек киген қыздарымыз өскемендіктерге жазушы шығармалары жайлы баяндап, бұл даңғылға оның есімінің берілу тарихымен таныстырды.

Осы ретте Зағип және нашар көретін жандарға арналған облыстық мамандандырылған кітапхана қызметкерлерідүйім жұртқа жазушының өмірбаяны мен шығармашылығынан викториналық сұрақтар қойып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, игі шарадан автобус жолаушылары да тыс қалған жоқ. Оларға да Мұхтар Әуезов жайлы жазылған ақпараттық беттер таратылып, насихатталды. Қарбалас тіршіліктің қамытын киген жұрт бір сәт көше бойында өтіп жатқан шараға қатысып, сергіп қалды.

Заңғар жазушымыздың құрметіне ұйымдастырылған бұл шараның жастар үшін маңызы зор, – дейді қала тұрғыны Алина Көксегенова. – Осының арқасында Мұхтар Әуезовтың шығармашылығымен жіті танысқан олардың қызығушылығы оянады.