Өскеменде нан бағасы 170 теңгеге қымбаттауы мүмкін

317
көрілім

Өнімнің бұл түрі неге қымбаттайды деген сауалға мамандар бидай тапшылығымен байланыстырып жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс орталығының тұрғындары өздері барған дүкендердің барлығында дерлік нан бағасының қымбаттағанын байқамай қоймады. Өйткені қайда барсаңыз да бір бөлке үшін 140-150 теңге сұрайды. Жекелеген сауда нүктелерінде тіптен, 160 теңге. Дегенмен республикалық Сауда мекемелерінің қауымдастығы облыстық филиалының басшысы Владимир Бердниктің сөзінше, қымбатшылық мұнымен тоқтамайды.

– Нан бағасы наубайханалардың барлығында дерлік жоғарылады. Қазір оны 140 теңгеге түсіріп жатыр. Әзірге «Элит» ЖШС ғана қымбаттатқан жоқ, оның немен байланысты екені беймәлім. Бірақ олар да сәуір айының 20-нан бастап осы соқпақпен жүретін сияқты. Егер ол жақта баға өзгерсе, онда дүкендердегі бір бөлке нан 170 теңгеден саудаланбақ, – деді ол.

Қымбатшылықтың немен байланысты екенін де түсіндірді.

– Мұның себебі, ұн жетіспей жатыр. Наубайханадағылар да мұны біліп отыр, – деді жауапты тұлға. – Бізде осы уақытта бидай тапшылығы үнемі байқалатын, себебі оны шетелге көптеп сатамыз. Бұған дейін арзан бидайды Ресейден сатып алып келдік. Биыл ол жақтағылар экспорттауға тыйым салып, енді солтүстіктегі көршіден жеткізілмейді. Кейбір жергілікті шаруа қожалықтары бидай егістігіне мән беруде, себебі оның қымбаттайтынын түсініп отыр. Тіпті орып алған соң да бірден сатпай, әрмен қарай баға өсу үшін күтулері кәдік.

Осы ретте аймағымыздағы ұн тартатын комбинатқа да қоңырау шалып көрдік, алайда ол жақтағылар жауап қатпады.