Өскеменде Наурыз мерекесі тойланып жатыр

1420
көрілім

Шараны ұйымдастырушы С.Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығы бір мезетте бірнеше сайыс түрін қатар өткізіп, концертке де мән берген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жылда оқытушылар мен студенттер, қала меймандарының басын қосатын салтанатты жиын биыл ерекше форматта жалғасын тапты. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың  бас ғимаратының алдында ақшанқан киіз үйлер тігіліп, қақ ортасына сахна құрылды. Ректор Мұхтар Төлегеннің сөзінше, қар сөгіліп, күн жылына жастар қауымы үшін осындай бір серпіліс қажет болған. Оған қоса, наурыздағы ауа райы салқындап, еріншектене еріген күпсек қар да қалың болған.
- Университет ұжымы бірлесе, жыл басынан осы мерекені өзгеше өткізуді мақсат еттік. Ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салтымыз қайта жаңғыратын кез. Бір мезетте концерт те, спорттық ойындар да жалғасын тауып жатыр. Студенттеріміз осы уақытқа дейін республикалық, халықаралық бәсекелерде абыроймен өнер көрсетіп жүр. Осылардың барлығын ескеріп, мерекені дүркіретіп өткізсек, сөкеттігі болмас, - деді Мұхтар Әділбекұлы.
Алдымен білім ордасымен тығыз байланыс орнатып, білім ошағына еңбек сіңірген жандар марапатталып, бір-бірлеп сахнаға көтерілді. Олардың саны біршама, әр салада жемісті еңбек еткен жерлестер. Субұрқақ маңында білек күші мол жігіттер гір көтерді. Алып та, шалып та жығатын жастар қазақ күресінен өзара кім мықтыны анықтады.
Ең бастысы, студенттер мен оқытушылардың талайы ұлттық киімдерін киіп, бір-бірлеріне амандық-саулық сұрасып жатты. Қонақтар Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Дінмұхамед Қонаев, Сәрсен Аманжолов, Қаныш Сәтпаев, Юмаш Уәлиев, Қанипа Бітібаева «ауылдарында» болып, киіз үйлердің сән-салтанатымен танысуға мүмкіндік алды. Ал С.Аманжолов ескерткішінің іргесінде тарбағатайлық Альбина есімді студенттің салған суреттері көздің жауын алды. Көбінде әйел адамның образын ашуға ұмтылған. Осы ретте универсеттің баспасөз хатшысы Светлана Аксененко әз-Наурызды әу баста сәуір айының 1-і күні атап өту жоспарланғанын жеткізді. Дегенмен көбінің ауыз бекітіп жүргендіктері ескеріліп, сәл кідіріс жасауды жөн көріпті.
Салтанатты шара кешке дейін жалғасады.