Өскеменде нәзік жандыларға арналған мерекелік кеш өтті

72
көрілім

Наурыз айының 7-і күні Өскемендегі «Ертіс концерт» КМҚК көрермендер залында Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Біріккен Ұлттар ұйымы 1975 жылы 8 наурызды ресми түрде мекеме ретінде бекітті. Содан бері облыс көлемінде салтанатты шаралар жалғасып, «Ертіс концерт» залы әсем ән мен үйлесімді билердің куәсі атанып келеді. Кештің сәні болған ұлттық киімдер, сәндік бұйымдар мен тарихи жәдігерлер көрмеге қойылды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев оның ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, сазсырнай аспабын ерекше жақсы көретінін айтты.
Белгілі опера әншісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин меймандарға құттықтау сөзін жеткізіп, ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңін нақышына келтіре орындады. Көпшілік «Ертіс концертте» жиналған өзге де опера әншілерін ұйып тыңдады. Құрметті қонақтар қатарында әр сала қызметкерлерінен бөлек, көпбалалы аналар болды. Сахна төрінде сәнді киініп шыққан бұрымдылар да жиналғандарға ерекше әсер сыйлады.


Концерттің тосынсыйы болған жас әнші Нұрмұхаммед Жақып «Самая, самая» әнін шырқап, әралуан ойға шомған қонақтардың кейбірі көзіне жас алды. Бұл ән Нұрмұхаммедті кішкентай кезінде танымал етіп қана қоймай, үлкен сахналарға шығуына мүмкіндік берген еді.
 ШҚО әкімі симфониялық оркестірінің бас дирижері, ҚР Еңбек сіңірген  қайраткері, «Құрмет» ордерінің иегері Александр Галсанов концерттік бағдарламаға өзгерістер енгізіп, біршама жаңартқаны бірден байқалды. Олардың орындауындағы «Кармен» операсы ерекше ілтипатқа бөленді.