Қазір Сол жағалау ауданындағы демалыс орнында жаңарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Еске салайық, саябақ 2017 жылдары қаладағы бос жерлердің бірінде ашылған еді. Жыл санап саябақ жанында жаңа ғимараттар, драма театр бой көтерді, бүгінде жаңа мектеп салынуда. Дегенмен саябақтан саялы орын іздеп келетін келушілердің қарасы аз. Сондықтан демалыс орнын жаңарту туралы шешім қабылданды.
- «Нұрлы жолда» орындықтар мен қоқыс жәшіктері ауыстырылады, жарық шамдары тексерілуде. Ойын алаңдарын жабдықтау үшін қажет нәрсенің бәрі әкелінді. Саябақта алтыбақан орнату жұмыстарын қолға алдық, - дейді «ARTGLOW» ЖШС мердігер компанияның өкілі.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар саябақты қайта құру жұмыстарын көріп, өз пікірін білдірді.
- Биыл біз демалыс аймақтарын: аллеяларды, скверлерді, саябақтарды, оның ішінде «Нұрлы жол» саябағын белсенді түрде ретке келтіруді жоспарға алып, жұмыстарды бастап кеттік. Төрт гектарға жуық аумақты алып жатқан саябақ жаңартылса, тұрғындар үшін ашық аспан астында кино көрсетілімдері өткізілмек, - деді қала әкімі.