Облыс орталығындағы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да V дәстүрлі "Абай оқулары" өтті. Аталмыш сайысқа облыстың әр түкпірінен 34 оқушы келіп қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Хакім Абайдың 175 жылдығы аясында өткізілген сайысқа өңіріміздің әр түкпірінен келген мектеп оқушылары үш кезең бойынша мүмкіндіктерін байқады. Алдымен білім ордасындағы Шабыт студенттер орталығының мүшелері «бір сызық» аталатын әдіспен хакімнің қара сөздерін көрермендерге тартымды етіп жеткізді. Бұдан кейін университет ректоры Мұхтар Төлеген қатысушыларға лебізін білдіріп, бәйге алауын жақты.
- Мұнда оқушылар Абай атамыздың шығармашылығын жан-жақты зерттеп, ғибратты өлеңдерін жатқа айтуға жиналды. Қазылар тарапы да әділдік танытып, шын мықтыны анықтайды деген сенімдемін. Осындай шаралардың жас буындар үшін жиі өткізілгені жөн, - дейді Мұхтар Әділбекұлы.
Қазылар құрамында қалалық мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин, облыстық "Дидар" газеті бас редакторының орынбасары Серік Әбілхан, филология ғылымдарының кандидаты Гаухар Рахимбаева сынды журналистика, әдебиет және мәдениет салалары үздіктерінің болғанын айта кеткен жөн.
Қатысушылар алдымен Абай өлеңдерін жатқа оқыса, келесі кезеңде ұлы ойшылдың қара сөздерін мүдірмей айтуға тырысты. Сайыстың қорытынды кезеңін «Абайтану» курсы бойынша сұрақтарға жедел жауып беріп түйіндеген қатысушылар жоғары әзірліктерін көрсетті. Әу баста Ұлан ауданынан келген Байболсын Харжаубайдың аяқ алысы сенімді, дайындығы да жоғары көрінді. Өлеңдерді жатқа оқуда да жаңылмады. Одан бөлек, Катонқарағай, Көкпекті аудандарынан келген оқушылар да ойдағыдай әзірлікпен келген екен.
Үш кезеңнен тұрған сайыс қорытындысында жоғарыда айтқан Ұлан ауданының І.Айтықов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің 11-сынып оқушысы Байболсын Харжаубай үздік шықты. Бас жүлдемен қатар, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына тағайындалған ректор грантына да ие болады. Бірінші орын Катонқарағай ауданы Берел орта мектебінің 10-сынып оқушысы Сезім Жеңіспекке, екінші орын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінен Аяужан Тұрдыбаева, сондай-ақ тағы бір екінші орын Өскемендегі Мұхамет Шаяхметов атындағы №23 орта мектебінің намысын арқалаған Альмара Кеңесханқызына бұйырды. Жүлдегер үштігі келесідей: Жарма ауданының Қажыгелді атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Еркеназ Шағыманова, Самар ауылы Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ділназ Қалибекова және Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Аружан Бердығожина.
Нұрбек АСҚАРОВ