Шараның басты мақсаты – әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі туралы түсіндіріп, әкелер институтын танымал ету, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл форум өңірде бірінші рет өткізіліп отыр. Қатысушылар отбасы тәрбиесі, әкенің қоғам мен отбасындағы орны туралы өз ойларын ортаға салды. Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков ұйымдастырылып отырған шараның маңызы зор екенін атап өтті.
- Әке – әр бала үшін асқар тау. Ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығын көріп өскен бала арды ойлайтын адал азамат болады деп сенемін. Бүгінгі форумға ардақты аға буын өкілдері, еліміздің жарқын болашағы үшін түрлі салада еңбек етіп жүрген ерлер қауымы қатысып отыр. Маңызды жиында отбасылық құндылықтарды нығайтып, бала тәрбиесіне атсалысып жүрген азаматтардың лайықты істерін үлгі етіп көрсетеміз, - деді ол.
Сонда-ақ форумға Астанадан «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының өкілдері келіп қатысты.
- Бүгінгі шараның ұйымдастыршылары – ШҚО Қоғамдық даму басқармасы мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры. Нарықтық экономика мен басқа да себептерге байланысты қоғамда әке рөлінің өзгергені жасырын емес. Ол отбасын асыраушы ретінде қабылданып келді. Алайда бала тәрбиесіне тек ананың емес, әкенің де қатысуы керек. Спикерлердің баяндамасынан әр әке өзі үшін тың ақпарат алады деп ойлаймын, - деді «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының қоғамдық байланыстар жөніндегі вице-президенті Арофат Нұрлақов.
Салтанатты жиын барысында түрлі салада еңбек етіп жүрген үлгілі әкелер марапатталды. Солардың бірі – Шемонаиха ауданынан келген Жасұлан Тлеубердин. Уба шипажайында еңбек етіп жүрген азамат бүгінде үш қызын тәрбиелеп отыр.
- Балаларыма тал бесіктен әкелік мейірім көрсетуге тырысамын. Қыздарым салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысады. Бірнеше марапаттары бар. Екінші қызым еркін күрестен спорт шеберіне үміткер. Бұл спорт түрін өзі таңдады. Балаларымның қалауына қарсы келмейміз. Өзім де бапкер ретінде қосымша жұмыс істеймін. Балаларымды шыншыл, еңбекқор, тәртіпті болуға баулимын, - деді Жасұлан Саясатқанұлы.
Қымбат МУХАМАДИЕВА