Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай аймақтың әр түкпірінен келген жастар жарыста өз мүмкіндіктерін байқады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«SHYGYS AIBYN-2024» турнирі Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы» - Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орайластырылған. Сайыста 10 команда бақ сынады. Қатысушылар дені – 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен бозбалалар. Олардың барлығы Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарынан іріктелген «Жас сарбаз» әскери-патриоттық ұйымының оқушылары.
– Бұл турнир оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсаты – жастар арасында әскери- патриоттық рухты насихаттау және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін асқақтату, – деді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков.
Сайыс соңында үздік шыққан командалар марапаттарға ие болып, биыл Алматыда өтетін халықаралық турнирге жолдама алды. Әрі қарай ел құрамасы сапына өтулері мүмкін.
Тартысты додаға ұлдармен қатар қыздар да қатысты. Оның ішінде, мылтық ату, оны шашып, қайта жинау, турникке тартылу және басқа да тапсырмалар берілді.
– Алтай ауданынан келіп, осы жарысқа арнайы қатысып отырмын. Біздің команда халықаралық AIBYN-2023 және Республикалық AIBYN-2022 турына қатысқан болатын. Бар күшімізді салып, Алматыға жолдама аламыз деп үміттенемін, – деді Аружан Матоктанова.
Валентина ГЕОРГИЕВНА